Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"98 бума вейп тәркіленді": Ақтаулық полиция заңсыз электронды темекі сатқан кәсіпкерді ұстады

Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 27-шағын аудандағы сауда үйінің бірінде электронды темекілерді заңсыз сатумен айналысатын орынды анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақтау қаласы полиция департаменті

Тінту кезінде 98 бумадан астам электронды темекі табылып, тәркіленді. Вейптерді сатуға қатысты алғашқы сотқа дейінгі тергеу басталды.

“Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды”, – делінген хабарламада.

Полиция 20 маусымнан шегілмейтін темекі өнімдері, электрондық темекі, вейптер және оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетінін еске салды. Оны өндіру, әкеліп, өткізген және таратқан адам қылмыстық жауапқа тартылады. Яғни, 200 АЕК (738 400 теңгеге дейін) мөлшерінде айыппұл салынатын не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады.

Талқылау