Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Хакерлер АҚШ әуе күштерінің бұлтты платформасын бұзды: Енді құпия әскери деректер таралуы мүмкін

пентагон
Фото: Andy Dunaway/US Air Force/dpa/picture alliance

Хакерлер АҚШ Әуе күштерінің бұлтты есептеу платформасына еніп, құпия әскери ақпараттың таралу қаупін тудырды. Шабуылдың қашан жасалғаны және қандай деректерге қол жеткізілгені әзірге белгісіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NBC News порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарна дереккөзінің мәліметінше, кибершабуыл болғаны расталғанымен, оның нақты қашан жасалғаны және қандай салдарға әкелгені туралы қосымша ақпарат берілмеген.

АҚШ Әуе күштерінің өкілі ведомство нақты желілер мен жүйелердің қауіпсіздік жағдайына, осал тұстарына немесе қазіргі мәртебесіне қатысты түсініктеме бермейтінін мәлімдеді. Кибершабуыл туралы алғаш болып Reuters агенттігі хабарлаған.

"Біз ақпаратты, жүйелерді және операциялық мүмкіндіктерді қорғау үшін қажетті шараларды үнемі қабылдаймыз. Ең маңызды әскери ресурстарымыздың қауіпсіздігін, тұрақтылығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету – басты басымдық", – деді АҚШ Әуе күштерінің өкілі.

Сондай-ақ ведомство бұлтты есептеу мүмкіндіктерін өзгеріп жатқан операциялық міндеттерге, қауіпсіздік талаптарына және пайдаланушылардың қажеттіліктеріне сай жетілдіруді жалғастырып жатқанын хабарлады.

Мәлімдемеде техникалық архитектураға, деректерді орналастыруға, келісімшарттарға және болашақ мүмкіндіктерге қатысты шешімдер белгіленген басқару, сатып алу және тәуекелдерді бағалау рәсімдері аясында қабылданатыны айтылған.

Бұған дейін хакерлер АҚШ Федералдық тергеу бюросының (ФБР) Ұлттық қылмыстық ақпарат орталығына да шабуыл жасағаны хабарланған еді. Бұл дерекқорды федералдық, штаттық және жергілікті құқық қорғау органдары іздеуде жүрген адамдар, сотталғандар және азаматтардың өмірбаянын тексеру туралы ақпарат алмасу үшін пайдаланады.

Шамамен екі ай бұрын ФБР мен Нидерланд ұлттық полициясы халықаралық киберқылмыстық топтың жетекшілерін және басқа да күдіктілерді ұстаған. Олар бюро дерекқорынан қызметкерлердің мәліметтерін ұрлады деген күдікке ілінген. Әзірге бұл кибершабуылдардың өзара байланысы бар-жоғы белгісіз.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тағы бірқатар мектептер мен ауруханалардың компьютерлік жүйелеріне жасалған кибершабуылдар туралы хабарланған еді. Тергеу мәліметінше, хакерлер алты штаттағы ұйымдардың жүйесін бұзып, 50 терабайттан астам ақпаратты, соның ішінде 70 миллион медициналық жазбаны ұрлаған. Қазақстан азаматы осы шабуылдарға қатысы бар деген күдікке ілініп, Италиядан АҚШ-қа экстрадицияланды.

Айым Атамбаева
Сенбі, 28 Қараша, 2026 11:12