"Бұрын зират болған": Петропавлдағы құрылыс алаңынан адам сүйектері табылды
Петропавлда жер қазу жұмыстары кезінде құрылысшылар адам сүйектерін тапты. Бір кездері бұл жерде ірі зират болған. Тарихи деректерге сәйкес, онда 15 мыңға дейін адам жерленген болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Петропавловск.news басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қалдықтар шамамен екі апта бұрын табылған. Осыдан кейін құрылыс алаңына еріктілер келе бастаған. Олар арнайы техниканың жұмысы аяқталған соң, жердегі сүйектерді қолмен шығаруға көмектескен.
Табылған сүйектер жақын маңдағы шіркеуге жеткізілген. Сондай-ақ жердің арасынан мойынға тағатын кресттер де табылған. Иерей Антоний Шувакиннің айтуынша, олардың кейбірі уақыт өте қатты бүлінген.
Бұл аумақта бұрын зират болғаны көптен бері белгілі. Православиелік зират Петропавлдың сол кездегі шетінде XIX ғасырдың соңында, 1890–1894 жылдары Барлық Әулиелер шіркеуінің құрылысы басталған кезде пайда болған.
Тарихи деректерге сәйкес, мұнда 10 мыңнан 15 мыңға дейін адам жерленген болуы мүмкін. Соңғы жерлеу рәсімдері 1950-жылдары өткізілген.

Қазіргі құрылыс жұмыстары зират аумағындағы алғашқы құрылыс емес. Басылым журналистері ескі карталарды қазіргі түсірілімдермен салыстырып, бұрынғы зираттың бір бөлігі Жамбыл көшесінің, "Авангард" стадионының және басқа да нысандардың астында қалғанын анықтаған.
Болжам бойынша, оның аумағында немесе оған жақын жерде "Дельфин" бассейні, тұрғын үй, "Кристалл" ойын-сауық кешені және "Алтын бесік" балабақшасы да орналасқан.
Бұл жерден адам сүйектері бұған дейін де табылған. Осындай жағдайлардың бірінен кейін Барлық Әулиелер шіркеуінің маңына 2008 жылы құрылыс жұмыстары кезінде табылған сүйектердің қайта жерленгені туралы жазуы бар құлшылық ескерткіші орнатылған.

Қазір шіркеудің артында саябақ орналасқан. Иерей Антонийдің айтуынша, бұрынғы зираттың бұл бөлігі шіркеуге ұзақ мерзімді жалға берілген. Сондықтан ондағы жерлеу орындарына тиіспеген.
Сонымен қатар шіркеу жанындағы музейдің сақтаушысы Валентина Махиняның айтуынша, көп жыл бұрын арнайы техника бұл аумаққа да кіріп, ескі ескерткіштердің едәуір бөлігін бүлдірген. Аман қалған кейбір құлпытастар кейін шіркеуге жақынырақ жерге көшірілген.
2010 жылы ескі зират аумағының бір бөлігі жекенің қолына өткен. Ол жерде сауда-ойын-сауық кешенін салу жоспарланған.
Сол кезде Барлық Әулиелер шіркеуінің діни қызметкерілері қала билігіне жүгініп, жағдайға араласуды сұраған. Нәтижесінде құрылысқа жол берілмеген. Қазір бұл жерде футбол алаңы орналасқан.
Қалдықтар табылғаннан кейін құрылыс алаңына полиция қызметкерлері шақырылған.
"Адам сүйектерінің табылуына байланысты полицияда материал тіркелді. Қылмыстық сипаттағы белгілер анықталған жоқ. Сүйектердің шығу тегін және олардың табылуына қатысты өзге де мән-жайларды анықтау үшін тексеру тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті қорытынды жасалады", – делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Петропавл қаласының әкімдігі бұған дейін жиналған адам сүйектерінің қайта жерленгенін растады.
Алайда сүйектердің нақты қай жерде қайта жерленгені, бұл рәсімнің қашан өткені, қанша сүйек жиналғаны және оларды жерден кімдердің шығарғаны туралы ақпарат берілмеген.
Сондай-ақ құрылыс жұмыстары әрі қарай жалғасқан кезде жаңа сүйектер табылса, оларды кім шығаратыны, бұл процесті кім бақылауы керектігі және табылған қалдықтардың қайда тапсырылатыны туралы сұрақтар да жауапсыз қалған.
Еске салсақ, бұған дейін Солтүстік қазақстанда адам қаңқасы мен жүнді мүйізтұмсық сүйектері табылғаны туралы жазған едік.