Қазақстандықтар Telegram желісіндегі ақауға шағымданып жатыр: "Қазақтелеком" түсініктеме берді
Қазақстанда Telegram қолданушылары мессенджерде ақау пайда болғанын жеткізді. Олар хабарлама жеткізу мен алуда қиындықтарға тап болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақау елдің бірнеше өңірінде сервистің мобильді қосымшасында да, компьютерлерде де байқалған. Бұл ақпаратты detector404.ru сервисінің деректері де растады.
Әзірге Telegram өкілдері мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.
Ақауларды бақылайтын арнайы сервистердің мәліметінше, Орталық Азия өңірінен мессенджердің жұмысына қатысты шағымдар саны күрт артқан.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі де мессенджерге кіруде қиындықтар барын растады.
"Қазіргі уақытта Telegram мессенджерінің қолжетімсіздігіне байланысты жекелеген қолданушылардан шағымдар түсіп жатыр. Техникалық мамандар жағдайды анықтап жатыр", – деді ведомство.

"Қазақтелеком" АҚ да ақауға байланысты пікір білдірді. Компанияның мәліметінше, мамандар Франкфурт пен Мәскеудегі негізгі халықаралық пиринг нүктелерінде Telegram бағытындағы трафиктің күрт төмендегенін байқаған. Сонымен қатар оператордың өз инфрақұрылымынан апат, техникалық ақау немесе өзге де бұзушылықтар анықталмаған. "Қазақтелеком" желісі мәселенің себебін анықтау үшін компания Telegram-ның әкімшілік-техникалық тобына ресми сауал жолдағанын мәлімдеді.
"Қосымша ақпарат Telegram өкілдерінен жауап алғаннан кейін бірден беріледі", – деді компания.
Ақаудың нақты себебі әзірге белгісіз.
Қазақстандық сызылған пауэрбанкіне байланысты ұшаққа отыру кезінде қиындыққа тап болды
