Шымкентте бұрынғы күйеуі әйелді алдап кездесуге шақырып, бетіне қышқыл сұйықтық шашып жіберген
Шымкентте әйел бес жыл бұрын ажырасып кеткен бұрынғы күйеуінің шабуылына ұшырады. Күдікті әйелді аңдып, үстіне қышқыл сұйықтық шашқан. Бұл туралы Stan.kz жергілікті полиция департаментінен сұрап көрді.
Шымкентте бес жыл бұрын ажырасып кеткен әйелге бұрынғы күйеуі қышқыл сұйықтық шашты. Оқиға бойынша Қаратау аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған.
Алайда іс Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) тіркеліп, бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Күдікті алименттен жалтару мақсатында осындай іске барғаны туралы ақпарат бар.
107-бап бойынша жаза істің мән-жайына қарай белгіленеді:
1-бөлік бойынша:
- 1000 АЕК-ке дейін айыппұл;
- сол мөлшерде түзеу жұмыстары;
- 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
- 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
2-бөліктегі ауырлататын жағдайлар болса:
- 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Шымкент полициясы әйелге жасалған шабуылға қатысты түсініктеме берді.
"Биыл 2 тамызында дене жарақаттарымен Шымкент қаласының тұрғыны ауруханаға жеткізілді. Анықталғандай, бұрынғы күйеуі әйелді алдап кездесуге шақырып, әйелдің үстіне сұйықтық құйып, оқиға орнынан ізін суытқан. Аталған дерек бойынша полиция департаментімен қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, сол күні Алматы қаласында ұстады. Қазір күдікті қамауға алынды. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында", – деп пікір білдірді Шымкент полиция департаменті.
Әйелдің қазір жағдайын білу үшін Шымкент қалалық денсаулық басқармасынан түсініктеме сұраттық.
Еске салайық, бұған дейін Семейде 52 жастағы әйелін бейсбол битасымен ұрып өлтірді деген күдікпен ер адам қамауға алынған еді. Марқұмның туыстарының айтуынша, күдікті әйелді ұзақ уақыт бойы мазалап, ішімдік ішкен кезде жанжал шығарып жүрген. Ерлі-зайыпты сәуір айында екі жаққа кетуге келіскенімен, кейін ер адам әйелінің соңынан қалмай, оны аңдыған. Туыстарының сөзінше, күдікті әйел жұмыстан шыққанын күтіп, оған бірнеше рет соққы жасаған. Марқұмның денесінен көптеген жарақат анықталған. Оқиғадан кейін күдікті қашып кеткенімен, көп ұзамай ұсталып, қамауға алынған. Қылмыстық іс "Адам өлтіру" бабы бойынша қозғалып, тергеу толық аяқталған. Марқұмның артында кәмелетке толмаған екі баласы қалды. Туыстары соттан күдіктіге ең ауыр жаза тағайындауды сұрап отыр.
Қазақстандық сызылған пауэрбанкіне байланысты ұшаққа отыру кезінде қиындыққа тап болды
