Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық сызылған пауэрбанкіне байланысты ұшаққа отыру кезінде қиындыққа тап болды

пауэрбанк әуежай тексеру
Фото: threads.com/@kirill.pavlov.kz/nn-airport.kz

Қазақстандық ер адам Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының қызметкерлі бұған дейін басқа әуежайлардағы тексерістен өтіп жүрген, істеп тұрған пауэрбанкті алып қойғанын айтты. Жолаушы әуежай қызметкерлерінің бұл әрекетін шамадан тыс тексеріс деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдан ұшу кезінде тексеру барысында пауэрбанкімді алып қойды дейді желі қолданушысы.

“Ондаған әуежайдан өткен, бұрыннан қолданып жүрген жұмыс істеп тұрған пауэрбанк еді. Себебі корпусында жарықшақ бар екен. Бұл тыйымның қандай құжатпен реттелетінін сұрағанымда, "зақымдалған батареяларды тасымалдауға тыйым салынады" деп жазылған жадынаманы көрсетті”, – деп жазды желі қолданушысы.

Ол әуежай қызметкерлеріне корпустың батарея емес екенін және бұл пауэрбанкпен ондаған рет ұшқанынын түсіндіруге тырысқан. Бірақ қызметкер құрылғыны алып кетіп, шекара қызметкерін шақырып келген.

пауэрбанк әуежай тексеру
Фото: threads.com/@kirill.pavlov.kz/nn-airport.kz

Ал әуежай өкілі ұшу алдындағы тексеру барысында авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері Қазақстан заңнамасын және қауіпті жүктерді әуе көлігімен қауіпсіз тасымалдау саласындағы халықаралық талаптарды басшылыққа алатынын алға тартты. 

“ИКАО-ның Қауіпті жүктерді әуе көлігімен қауіпсіз тасымалдау жөніндегі техникалық нұсқаулығына (Doc 9284, A154 арнайы ережесі) сәйкес, зақымдалған немесе ақаулы деп танылған және өзінің жай-күйіне байланысты қауіпті деңгейде қызуға, тұтануға немесе қысқа тұйықталуға әкеп соғуы мүмкін литий батареяларын әуе көлігімен тасымалдауға жол берілмейді. Бұл талаптар Қазақстанда да қолданылады. Аталған жағдайда пауэрбанктің корпусында айқын механикалық зақымдар болған”, – делінген әуежайдың берген жауабында.

Сондай-ақ олар тексеру кезінде арнайы техникалық диагностика жүргізбей, мұндай зақымдардың құрылғының ішіндегі литий элементтеріне әсер еткен-етпегенін нақты анықтау мүмкін емес екенін атап өтті. 

“Осыған байланысты құрылғының қызып кету, қысқа тұйықталу немесе тұтану қаупін толықтай жоққа шығару мүмкін болмады. Сондықтан аталған пауэрбанкті әуе көлігімен тасымалдауға жібермеу туралы шешім қабылданды. Мұндай шаралар нақты қауіп-қатерлердің алдын алуға бағытталған. Әлемдік азаматтық авиация тәжірибесінде пауэрбанктердің тікелей әуе кемесінің бортында, соның ішінде ұшу кезінде тұтану жағдайлары тіркелген. Сондықтан құрамында литий аккумуляторлары бар құрылғылардың техникалық жай-күйіне ерекше назар аударылады”, – дейді әуежай өкілі.

Оның сөзінше, құрылғының бұған дейін ақаусыз пайдаланылуы немесе әуе көлігімен бірнеше рет тасымалдануы оның нақты ұшу алдындағы тексеру сәтінде қауіпсіз екеніне кепілдік бермейді. Шешім құрылғы тексеруге ұсынылған сәттегі нақты жай-күйіне қарай қабылданады.

“Авиациялық қауіпсіздік қызметінің инспекторлары ықтимал қауіптердің алдын алу үшін қажетті шараларды ұшу алдындағы тексеру кезеңінде қабылдауға міндетті. Жолаушылардың, экипаждың және әуе кемесінің қауіпсіздігі – маңызды. Сондықтан құрылғының қауіпсіздігіне қатысты негізді күмән туындаған жағдайда ықтимал тәуекелдің алдын алуға басымдық беріледі. Авиациялық қауіпсіздік талаптары баршаға ортақ және барлық жолаушыларға бірдей қолданылады”, – делінген жауапта.

Сонымен қатар әуежай өкілі қызметкерлердің жолаушымен қарым-қатынасына қатысты айтылған ескертулер қосымша қаралатынын атап өтті.
 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 12 Тамыз, 2026 14:24