Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

380 000-нан астам бала 1-сыныпқа барады: Құжатты қайда және қашанға дейін тапсыру керек

мектеп формасы
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылына балаларды бірінші сыныпқа қабылдау процесі туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрліктің болжамы бойынша, 2026 жылы 380 000-нан астам бала бірінші сыныпқа барады.

"Бүгін ел бойынша мектептерге шамамен 320 000 бала немесе болжамды санның шамамен 84%-ы қабылданды", – деп нақтылады министрлік.

Қазірдің өзінде мемлекеттік мектептерде шамамен 296 000 бала, ал жекеменшік мектептерде шамамен 23 000 бала оқитыны белгілі.

"Қала мектептерінде шамамен 191 000 бала, ал ауыл мектептерінде шамамен 128 000 бала оқиды. Сондай-ақ білім беру мекемелеріне арнайы білім беру қажеттіліктері бар 4000-ға жуық бала қабылданды", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар болашақ бірінші сынып оқушыларының 71%-дан астамы қазақ тілінде оқытылатын сыныптарды, 26%-дан астамы орыс тілді сыныптарды және шамамен 2,5%-ы басқа тілде оқытылатын сыныптарды таңдағаны жарияланды.

Басқа ұлт өкілдерінен 2000-нан астам бала қазақ тілінде оқытылатын сыныптарға қабылданды. Бұл ата-аналардың балаларын қазақ тілінде оқытуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Өтініштер бекітілген кестеге сәйкес 27 мамырдан 31 тамызға дейін кезең-кезеңімен қабылданады.

Өтініштердің шамамен 84%-ы электронды түрде берілгенін атап өткен жөн.

Министрлік құжаттарды eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ тікелей таңдалған мектепте тапсыруға болатынын еске салды.

"Бірінші сынып оқушыларының ең көп саны Түркістан облысында болады. Онда 50 000-нан астам бала, Алматы облысында 35 000-нан астам бала, Астанада – 33 000, Алматыда – 31 000-нан астам және Шымкентте – 29 000-нан астам бала. Бұл осы аймақтардағы халық саны мен туу деңгейінің жоғары болуына байланысты", – деп мәлімдеді ведомоство.

Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға құжаттарын тез арада толтыруды ұсынады. Қосымша ақпаратты сіз таңдаған мектепте, eGov.kz порталында және eGov Mobile қосымшасында алуға болады.

Қырмызы Скендір
Сәрсенбі, 12 Тамыз, 2026 10:49