Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тіркеуі жоқ алматылықтар балаларын 1-сыныпқа бере алмай жүр: Нәтижесінде жалған тіркеу жасайтындар көбейген

Оқушы ата-анасымен
Фото: Magnific.com

Алматыда болашақ бірінші сынып оқушыларының ата-аналары мектепке құжат тапсыру кезінде тұрақты тіркеу талап етілетініне шағымданды. Қалалық білім басқармасы қабылдау ережесі өзгермегенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “31-арнаға” сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарна мәліметінше, Алматы тұрғындары мектепке қабылдау кезінде қойылатын талаптарға наразы. Әлеуметтік желіде ата-аналар тұрақты тіркеуі немесе өз атында баспанасы жоқ болғандықтан, баласын мектепке орналастыра алмай жүргенін жазып жатыр.

“Барлық қажет құжатты жинап, үйге жақын екі мектепке бардым. Екеуінде де бір жауап естідім: тіркеу міндетті. Отырып алып жыладым. Сонда өз баспанасы жоқ отбасылар тамызға дейін күтіп, негізгі қабылдаудан кейін бос орын қалса ғана үміттенуі керек пе?

Неге баланы бірінші сыныпқа жазу мектепке беру емес, министрлікке жұмысқа тұрғызумен бірдей қиын болып кетті? Уақытша тіркеу таптым, қуанып едім. “Енді мәселе шешілді” деп ойладым. Бірақ енді уақытша тіркеуді де алып тастап жатыр”, – деп жазды Алматы тұрғындары әлеуметтік желіде.

Ата-аналардың айтуынша, мұндай жағдайда амал көп емес: не жекеменшік мектепке беру, не жалған тіркеу жасау. Көбі екінші жолды таңдауға мәжбүр. Журналистердің сюжетінде хабарландыру сайттарында кез келген ауданға тіркеу жасап беруді ұсынатындар бар екені көрсетілді.

Әкімдік бұл мәселеден хабардар. Қала билігі мектепке қабылдау тәртібі өзгермегенін айтады. Дегенмен басымдық шынымен де оқу орнына жақын жерде тұрақты тұратын балаларға беріледі. Сондай-ақ биыл жалған тіркеумен күрес күшейген. Мектеп қызметкерлері баланың тіркеуде көрсетілген мекенжайда шын мәнінде тұратынын тексеріп жатыр.

“Қазіргі қабылдау науқаны кезінде мектеп әкімшіліктері бұрын-соңды болмаған деректерді анықтады. Бір мекенжайға туыстық қатысы жоқ әрі ол жерде нақты тұрмайтын 10-11 балаға дейін уақытша тіркелген жағдайлар бар. Кейбір деректер бойынша, пәтерлер тәуліктеп жалға берілген, ал тіркеу тек нақты бір мектепке түсу үшін рәсімделген. Егер әдейі жалған мекенжай көрсетілгені анықталса, баланы мектепке қабылдау заңды негізде жойылуы мүмкін”, – деп түсіндірді Алматы қалалық білім басқармасы.

Парламент депутаты Ирина Смирнованың пікірінше, мұғалімдердің баланың нақты қайда тұратынын өз бетінше тексеруге құқығы жоқ. Мұндай жұмысты учаскелік полицейлер жүргізуі керек. Ал тіркеуге қатысты талаптың өзін депутат негізді деп санайды.

"Мұнда тек құжатқа қарауымыз керек. Құжат тапсырылды ма, жалға алу келісімшарты бар ма, тіркеу немесе меншік құқығын растайтын құжат бар ма – мектеп осыған қанағаттануға тиіс. Егер ондай құжаттар болмаса, мектеп белгілі бір сұрақтар қоюы мүмкін. Бірақ диагноз қойып, пәтер аралап тексеру – мектеп тарапынан заң бұзушылық. Мектеп бұлай істемеуі керек", – деді Смирнова.

Биыл білім беру жүйесіне түсетін салмақ та артқан. Себебі бірінші сыныпқа беби-бум кезеңінде туған балалар барады. 2020 жылы, карантин кезінде, Қазақстанда жарты миллионға жуық сәби дүниеге келген. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда шамамен 25 мыңға көп.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 19 Маусым, 2026 09:34