Шымкентте жол апатынан бір отбасының 3 адамы мерт болды
Шымкент маңында жантүршігерлік жол апаты болып, бір әулеттің үш адамы қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көлікте 44 жастағы Гаухар Өзілбаева мен енді ғана оқуға түскен қызы және бауырының 11 жастағы баласы отырған екен. Апат дәл жақындарының көз алдында болған.
Нұрила Үсенбекова да сол көлікке бастапқыда отыруы керек болған. Бірақ күйеуі тізгіндеген көлікке қызы отырған. Көлік апатқа ұшырап, Нұрила жалғыз ұлы Айдостан айырылған.
"Бейнесі жанарымнан кетпейді. Жалғыз ұлымнан айырылдым. Соның бастығы келіп, “бауырым енді шығын шығады ғой” деп қойды. Ондай кезде айтатын сөз емес қой. Үш мал емес, адам өліп отыр. Ұлым бөлшектеніп кетті ғой. Соңғы сапарға да шығарып сала алмадым. Өте ауыр болып тұр", – деді марқұмның анасы Нұрила Үсенбекова.
Отбасы Арыс қаласынан Шымкентке жексенбі күні жол тартқан. Қаладағы дүкенде жеңілдік болып жатыр дегенді естіген көпбалалы отбасы балаларына мектеп киімін алмақ болыпты. Астанадан келген әпкесі мен оның қызы да өз көліктерімен еріп шыққан.
“Көлікті ілінген жерден бастап сүйреп барған. Көлікті бөлшектегенде, барып адамдарды алмаса өздігінен алып шығу мүмкін емес деді. Бәрі сол көліктің астынан шықты. Рөлде отырған қыздың бір қолы жұлынып кеткен дейді. Оның қызы да сол арада отырған ғой. Ол да орындықтың астына кіріп кеткен. Беті жоқ. Аяқтары сынған, қолдары сынған. Малды қағып кеткен адамнан да кешірім сұрайтын шығар? Бір адам жоқ”, – деді марқұмдардың әжесі Злиха Исаева.
Жол апаты Айдостың әкесі Ерғали Өзілбайдың көз алдынан кетер емес. Айдостың әкесі өзі алда, артында әпкесі келе жатқан еді дейді. Бір кезде қарсы беттен Хова жүк көлігі жылдамдықпен өткенін көріпті.
"Бірден артына бұрылдым да, оқиға болған жерге бардым. Барсам, біреуі де қимылдамайды. Хованың иелері келді. Видеожазбадан көруге болады деді. Бірақ жүргізушімен сөйлесіп, тағы бір 5 минуттың ішінде ойлары өзгеріпті. “Камера істемейді, флешкасы жоқ” деді. Алдында істейді деп келген. Тежегіш басылмаған. Жүргізуші бір сөзінде тежегіш істемей қалды деді. Екіншісінде қарай алмай қалды деді", – деді марқұмның әкесі.
Жол апаты түскі он екілер шамасында болған. Рөлдегі Гаухар Исаева көлігін жақында ғана несиеге сатып алған.
“9 тамызда Шымкент-Бадам автожолында болған жол-көлік оқиғасы бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады”, – деді Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі.
Өзілбай әулеті күні кеше үш бірдей перзентін жер қойнына тапсырды. Бірақ зар илеген отбасына жүк көлігінің иесі де, жүргізушісі де көңіл айтып келмепті.
Жамбыл облысында ер адам аяғы ауыр әйелін молаға апарып ұрып-соқты деп айыпталды
