Смартфонға арналған қауіп: Арзан қуаттағыштар неге жарылып жатыр?

Танымал онлайн маркетплейстерден сатып алынатын арзан қуаттағыштар үйіңізде өрт шығуына себеп болуы мүмкін. Ұлыбританиялық Which? тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы жүргізген жаңа зерттеу осындай алаңдатарлық қорытынды жасады. Мамандар Amazon, eBay және AliExpress сияқты ірі платформаларда сатылып жатқан құрылғыларды тексеріп, қауіпті нәтижелерге тап болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сарапшылар 7 түрлі танымал онлайн платформадан 15 USB қуаттағыш сатып алып, оларды арнайы зертханалық сынақтан өткізген. Нәтижесінде:
- 9 құрылғы электрлік және құрылымдық қауіпсіздік стандарттарына мүлде сай келмеген.
Тексерілген өнімдердің бірде-бірінде заңмен міндеттелген техникалық ақпарат пен өндіруші туралы деректер толық көрсетілмеген.
Ток соғу, өрт шығу және кенеттен жарылу қаупі жоғары екені анықталған.
Зерттеу барысында кейбір өндірушілердің тұтынушыларды алдау үшін түрлі айлаға баратыны белгілі болды. Кейбір құрылғылардың ішкі бөлігі сапасыз әрі пайдасыз материалдармен толтырылған. Бұл өнімді сырт көзге ауыр әрі сапалы етіп көрсету үшін әдейі жасалған.
eBay платформасында ресми өнім ретінде арзан бағаға сатылған жалған Apple USB-C 35W қуаттағышының 100% контрафакт екені және қауіпсіздік талаптарына мүлде сай келмейтіні дәлелденген.
Мұндай құрылғылар тек өрт қаупін тудырып қоймайды. Олар телефондар мен планшеттерді дұрыс қуаттамай, құрылғының ішкі бөлшектерін зақымдап, істен шығаруы мүмкін.
Қауіпті электроника бір ғана платформада емес, бүкіл интернет нарығында еркін сатылып жатыр. Temu, Shein секілді онлайн платформалардан алынған өнімдер сынақтан өткенімен, оларда міндетті сәйкестендіру белгілері мен импорттаушы туралы ақпарат мүлде болмаған.
Сарапшылар не дейді?
“Бұл – жекелеген жағдай емес, жүйелі проблема. Онлайн сауда алаңдарында үшінші тарап сататын тауарларға бақылауды тез арада күшейту керек. Мұндай қауіпті өнімдердің нарықта еркін жүруі адам өміріне тікелей қауіп төндіреді”, – дейді Which? ұйымының өкілі Сью Дэвис.
Electrical Safety First ұйымының бас директоры Лесли Руддтың айтуынша, контрафакт өнімдер әдейі жасалады.
“Олардың ішкі құрылымы өте қауіпті, бірақ арзан бағасы мен әдемі сыртқы көрінісі мұны жасырып тұрады. Тұтынушылар алданып қалмауға тиіс”, – деді ол.
Зерттеу жарияланғаннан кейін аталған маркетплейстердің барлығы дерлік шұғыл мәлімдеме жасады. Олар қауіпті деп танылған өнімдерді сатылымнан дереу алып тастағанын және тұтынушылардың қауіпсіздігі басты басымдық екенін жеткізді.
Мамандар онлайн нарықтағы арзан электроника өнімдерін қадағалайтын заңдарды қатайтуды талап етіп отыр. Есіңізде болсын: қуаттағыштан үнемдеген ақша ертең үлкен қайғыға әкелуі мүмкін. Өз өміріңізді арзан техникаға сеніп тапсырмаңыз.
"Трендті ұстап тұрған әже": Желіде немересімен видео түсірген 86 жастағы кейуана қазақстандықтарды сүйсіндірді
Оқыңыз