Жамбыл облысында ер адам аяғы ауыр әйелін молаға апарып ұрып-соқты деп айыпталды
Жамбыл облысында ер адам 18 жастағы аяғы ауыр келіншегіе моланың басына апарып соққыға жыққан. Болған жағдайды жәбірленуші әйел құрбысына баяндаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құқық қорғаушы Ләззат Рақышева әлеуметтік желіде 18 жастағы қыздың күйеуінен зорлық көргені туралы жазды.
“Ер адам әйелін үйден рұқсатсыз шыққаны үшін ұрып-соққан. Ол үйден рұқсатсыз шыққаны үшін күйеуі моланың басына апарып, ұрып-соғып, пышақ тақап қорқытқанын, соның салдарынан суы кетіп, ауруханаға түскені туралы жан құрбысына жазыпты. Құрбысы Threads әлеуметтік желісіне оқиғаны баяндап, елден көмек сұраған”, – деп жазды белсенді.
Әйел құрбысына жазған хабарламасында сол жақ бетінің қатты ұрғаннан ісіп кеткенін, сол сәтте соққы салдарынан толғатып ауруханаға түскенін айтқан.
“Кеше түнде болған жағдай, бүгін перзентханаға 36 апта 5 күн болғанда толғатып түстім. Күйеуім маған күш көрсетіп, мені молаға апарып, пышақ тақап қорқытты. Жол бойы басымнан ұрды. “Неге мені тыңдамай далаға шығасың, дәл қазір телефоныңды тексертесің не болмаса сені осы жерде өлтіріп, байлап кетемін” деді. Қолында шынжыры тұрды. Жағымнан, бетімнен аямай ұрды, қылқындырды. Қолымда, иығымда көгерге іздер бар. Содан суым кетіп, толғаттым. Ол оған мән бермей моланың басында бір сағаттан аса ұстады. Барынша шыңғырып, жыладым. Көмекке келетін адам болмады. Мен жылаған сайын қатты ұрды”, – делінген хабарламада.

Алайда кейін жәбірленуші әйел жазбаны өшіруді сұраған. Құрбысы да жазбаны әлеуметтік желіден өшірген. Құқық қорғаушы әйел күйеуінің әрекетін кешірді деп топшылады. Бірақ ол жәбірленушінің тағдырына алаңдайтынын жеткізіп, қыз-келіншектерді өз құқығын білуге, сауатты боуға шақырды.
“Құрметті әйелдер қауымы! Сауатты болыңыздаршы, бәрінен де құқықтық сауатты болу маңызды. Қазір елде заң өзгерді. Таяқ жеп, қор болып жүргендерге үкімет қорған болады қазір. Қаншама дағдарыс орталықтары, қолдау орталықтары бар. Көмектеседі, су тегін. Жаңа өмір бастауға, өз құқығыңды қорғауға мүмкіндік бар. Кешірім беріп, өлімді күтіп жүре бересіңдер ме? Бұл жерде мәселе постты өшіре салумен аяқталмауы керек. Ең бастысы — жәбірленушінің қауіпсіздігі мен өмірі қамтамасыз етілуі тиіс. Сол себепті бұл істі Жамбыл облысының полициясы, ҚР Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратура өз бақылауына алуын сұраймын”, – деп жазба жариялады Ләззат Рақышева.
Болған жағдайға қатысты Stan.kz редакциясы Жамбыл облысының полиция департаментіне сұрау жіберді. Ведомствоның мәліметінше, “Кінәліге айыпты адамның дәрменсіз күйде екенін немесе кінәліге материалдық не өзге де тәуелділікте екенін біле тұра жасалған соққы” жасау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
“Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігі 3-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – делінген полиция жауабында.
Ведомство жан-жақты, толық тергеп-тексеру нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданатынын мәлімдеді.
Жамбыл облысында ер адам аяғы ауыр әйелін молаға апарып ұрып-соқты деп айыпталды
