Әйелін электр сымымен қылқындырып өлтірмек болған қазақстандық жеңіл жазамен құтылды

Әлеуметтік желіде advocat.qlab парақшасы қазақстандық әйелді күйеуі қылқындырып, өлтіруге оқталғаны туралы жазды. Stan.kz редакциясы жәбірленушінің адвокатымен хабарласып, оқиғаның мән-жайы мен сот барысы туралы сұрап-білді. Заңгердің айтуынша, жанжалға қызғаныш себеп болған.
Жәбірленушінің адвокаты Әйгерім Жомартқызының айтуынша, ер адамға әйелінің опасыздық жасағаны туралы ақпарат жеткен. Сол түні жанжал болғанымен, таңертең ол ештеңе болмағандай әйелін жұмысқа апаруға келіскен.
Алайда жолда ер адам көлікті адам жоқ жерге бұрып, ашуланып, әйелін балағаттап, "осымен бәрі бітті, сені өлтіремін, опасыздығың үшін жауап бересің" деп қорқытқан.
Адвокаттың сөзінше, кейін ол көліктегі қара сөмкеден алдын ала дайындап қойған сымды алып, қолғап киіп, әйелді қылқындыра бастаған. Әйел көліктен шығуға әрекеттенгенімен, ер адам оған мүмкіндік бермеген.
"
Жәбірленуші оның мінезін жақсы білгендіктен қарсыласпай, тек үш баласын ойлап, “балаларымыз бар ғой” деп сабырға шақырған. Бір сәтте әйел есінен танып қалған болуы мүмкін. Ол ер адамның қолғапты қашан шешкенін, сымды қайда қойғанын білмейді. Кейін велосипедпен өтіп бара жатқан адамның көлікті байқап қалғанын көрген. Күдікті куәгерден қорқып, ал жәбірленуші оны сабырға шақырған соң райынан қайтқан болуы мүмкін", – дейді заңгер.
Сондай-ақ жәбірленушінің айтуынша, күйеуі болған жағдай туралы біреу білсе өлтіремін деп қорқытқан. Әйел жұмысқа кіргеннен кейін есінен танып қалған. Денесі қалтырап, жағдайы күрт нашарлаған. Ер адам қылқындырғандықтан дауысы қарлығып, дауыс байламдары зақымданғанын жеткізді адвокат.
Заңгердің айтуынша, күдікті бастапқыда өз кінәсін мойындаудан бас тартып, әйелін тек қорқыту үшін ғана қолымен қылқындырдым деген.
“Менің жазбамнан кейін ол қайта ұсталып, жауап алу барысында жәбірленушінің айғақтарына сәйкес жауап беріп, кінәсін мойындады. Себебі оған Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы (Ұрып-соғу) бойынша кінәсін мойындау тиімді болды. Ал адам өлтіруге оқталғанын мойындаған жоқ. Менің ойымша, оның әрекеттерінде адам өлтіруге оқталумен қатар, азаптау белгілері де бар. Сот процесі барысында олардың ерлі-зайыптының 10 жыл бойы жанжал мен ұрыс-керістен көз ашпай келе жатқаны анықталды. Әйел бірнеше рет полицияға жүгінген. Ер адамға қорғау нұсқамасы да шығарылған. Мұны өзі де жоққа шығармайды, тек оның мерзімін алты ай деп қысқартып айтады. Сондай-ақ күдікті "ол – менің әйелім, сондықтан ұрыс кезінде не істесем де өзім білемін" дегенге саятын уәж айтқан”, – дейді адвокат Әйгерім Жомартқызы.
Аталған факті бойынша Қарасай аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сонымен қатар сотта ерлі-зайыптының 20 жастағы ортақ қызы да жауап берді. Ол бітпейтін ұрыс-керіс пен жанжалдан шаршағанын, үнемі қорқынышпен өмір сүріп келе жатқанын айтты. Барлық саналы ғұмырымыз қорқынышпен өтті" деп мәлімдеді.
“Қыздың айтуынша, әкесінің тарапынан жүйелі түрде азаптау сипатындағы әрекеттер болған. Сондай-ақ қызы бұған дейін әкесінің асүй пышағын сөмкесіне салып жатқанын көрген. Кейін ол ешкімге білдірмей пышақты алып, орнына қайта қойған. Әйел қатты қорқып қалған. Қазір өзінің қай жерде тұрып жатқанын айтуға қорқады, күйеуі босап шыққан соң өзімен бірге қызын да соққыға жыға ма деп алаңдайды”, – дейді адвокат.
Заңгер Әйгерім Жомартқызы күдіктінің адам өлтіруге оқталғанын дәлелдейтін айғақтардан айырылып қалғанын да жасырмады.
“Егер учаскелік инспектор күдіктіге телефон соғып, бөлімшеге шақырмай, бірден үйіне барып, көлігін тексергенде, оның сөмкесін, қолғаптарын және пышағын тәркілей алар еді. Алайда учаскелік инспектор оны тірек пунктіне шақырғаннан кейін күдікті барлық айғақ заттардан құтылып үлгерген. Кейін ол тек бір жіпті көрсетіп, әйелді өлтіруге оқталмағанын, тек қорқытуды ғана көздегенін айтқан”, – дейді адвокат.
Осы тұста Қарасай аудандық сотымен хабарласып, қылмыстық істің мән-жайы мен күдіктіге қатысты сот шешімі туралы сұрадық.
“Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, жәбірленушінің жұмыс орнына барар жолда ерлі-зайыптылардың арасында тұрмыстық жанжал шыққан. Кейін сотталушы елді мекенге жақын жерде автокөлікті тоқтатып, жәбірленушінің мойнын электр сымымен екі рет қысып, денесіне зақым келтірген. Оқиғадан кейін сотталушы жәбірленушіні жұмыс орнына жеткізген. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің мойын аймағында сырылған жарақаттар анықталған, бұл жарақаттар денсаулыққа зиян келтіруге әкеп соқпаған дене жарақаттары ретінде бағаланды”, – деп мәлімдеді Қарасай аудандық соты.
Осылайша аудандық сот сотталушының жеке басын, құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескеріп, Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 1-бөлігі (Ұрып-соғу) бойынша кінәлі деп таныды. Сотталушы 25 тәулікке қамауға алынды. Айта кетейік, бұл – аталған бап бойынша көзделген ең қатаң жаза. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Жәбірленушінің адвокат соттың бұл шешімімен келіспейді. Себебі ол сотталушының әрекеттерінде тек ұрып-соғу ғана емес, адам өлтіруге оқталу және азаптау қылмыстарының белгілері бар деп санайды. Сондықтан аталған үкімге апелляциялық шағым түсіруді жоспарлап отыр.
Әйелін электр сымымен қылқындырып өлтірмек болған қазақстандық жеңіл жазамен құтылды