Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министрлік лизингтік компаниялар үшін жылдық мөлшерлемесінің шегін 36% деп белгіледі

Автолизинг
Фото: magnific.com/

Өнеркәсіп министрлігі лизингтік компаниялар үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шегін 36% көлемінде белгілеп отыр. Бірақ бұл тәртіп тек құны 20 миллион теңгеге дейінгі автокөліктер үшін қолданылады. Бағасы одан жоғары болса, мөлшерлеме бірден 46%-ға дейін өседі. Сондай-ақ шенеуніктер көлікті жалға беру мерзімін 7 жылмен шектемек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алғашында автолизинг бағдарламасы іске қосылады дегенге көпшілік қуанды. Ал, несие тарихы есепке алынбайтынын естігенде үміт одан сайын артты. Бірақ көп уақыт өтпей көпшіліктің қуанышы басылды. Оған лизингтік компаниялар ұсынған шарттардың тиімсіздігі себеп. Сондықтан министрлік автолизингтік компанияларға қойылатын талаптарды қайта қарап, өзгерістер енгізгелі жатыр.

Құжат мәтіні бойынша лизинг мерзімі 84 айдан, яғни 7 жылдан аспауға тиіс. Екіншіден, кешіктірілген төлемнің өсімпұл пайызы шектелмек. Яғни, 10%-ға. Ал, жылдық мөлшерлеме 36% деңгейінде белгіленеді. Бұл тәртіп құны 20 миллион теңгеге дейінгі көліктерге ғана қатысты. Баға өссе, мөлшерлеме шегі 46%-ға жетпек. Ал министрлік өкілдері құжатта тек шекті мөлшерлемелер көрсетілгенін айтты.

“Бұл жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелерінің шекті мәні ғана. Яғни әр компания мөлшерлемені шекті деңгейден төмен қоюға құқылы. Осылайша, ставканың нақты көлемін әрбір лизингтік компания нарықтағы бәсекелестік пен тұтынушыларға ұсынылатын талаптарды ескере отырып, өздері белгілейді”, – деп мәлімдеді министрлік.

Сарапшылар лизинг шарттарын толық қайта қарау қажет дейді. Сөзінше, бұл бағдарламаның пайдасы жоқ және жеңілдіктер қарастырған жөн. Мысалы, көлікті лизингке алған адам төлем қабілетінен айырылса, компания көлікті тартып алмас бұрын өзге жолдарын ұсынуға тиіс.

“30-35% алғашқы жарна болса, көлік сенің атында болмаса, егер сен төлей алмасаң, ешқандай түсіндірусіз сізден көлікті алып қоюға құқы бар. Сол кезде бұл сол жағынан тиімсіз болып тұр”, – деді автосарапшы Санат Нұрбай.

Сарапшы тұтынушыдан алғашқы жарна талап етілмеуі керек деді. Сондай-ақ сыйақы ставкасы 4%-дан аспағаны абзал. Тек сонда ғана лизинг – халық үшін тиімді болмақ. 

Айта кетейік, әзірге бұл нақты шешім емес. Өйткені құжат 24 тамызға дейін талқыланады.

Қырмызы Скендір
Бейсенбі, 13 Тамыз, 2026 09:44