Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық демалыс орнына 495 мың теңге төлеген ресейлік туристер екі сағаттан соң кетіп, ақшасын қайтара алмай қалды

ресейлік турист
Фото: Видеодан скрин

Алматы маңындағы қымбат демалыс полиция шақырумен аяқталды. Ресейлік турист Софья Aquasia Resort-та үш тәулікке 495 мың теңге төлегенімен, екі сағаттан кейін кетуге мәжбүр болғанын айтып, пайдаланылмаған күндер үшін 435 мың теңгені қайтаруды талап еткен. Алайда қонақүй қаражатты қайтарудан бас тартқан. Оқиғаның мән-жайын Stan.kz біліп көрді.

Ресей азаматы Софья Алматы маңындағы Aquasia Resort & Spa демалыс орнына қатысты шағым түсірді. Оның айтуынша, ол отбасымен бірге Қазақстанға турист ретінде келіп, курортта үш тәулікке 495 мың теңге төлеген. Алайда демалыс жағдайына көңілі толмағандықтан, қонақүйден екі сағаттан кейін кетуге шешім қабылдаған.

Софьяның айтуынша, демалыс орны әкімшілігі қонақүйге орналасып қойғандарын сылтау етіп, ақшаны қайтарудан бас тартқан.

Демалыс орнының әкімшілігі туристерге "Софья, ақша қайтарылмайды, себебі сіз қонақүйге орналасып қойдыңыз… тұрып жатырсыз" деп жауап берген. 

Осыдан кейін ол отбасы заттарын жинап, тәулік аяқталмай тұрып демалыс орнынан кететінін айтып, көрсетілмеген қызмет үшін ақшаны қайтарудан бас тарту фактісін жазбаша тіркеуді талап еткен. Сондай-ақ учаскелік полиция қызметкерін шақырып, үйшікті тапсырғанын және әкімшіліктің ақшаны қайтарудан бас тартқанын тіркететінін, кейін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінетінін мәлімдеген.

 

Софьяның айтуынша, демалыс орны әкімшілігі депозиттің міндетті түрде қайтарылатынын айтып, қонақүйге келген кезде офертаға қол қойғандарын және онда ақшаны қайтару тәртібі көрсетілгенін түсіндірген. Туристер үйшікті тексергеннен кейін 50 мың теңге көлеміндегі депозитін қайтарып алған. Төлем 11 тамызда Kaspi Gold арқылы жасалған, чекте AYKAN RESORT көрсетілген.

Алайда Софья негізгі 435 мың теңгенің қайтарылмағанын айтып отыр. Оның пікірінше, демалыс орнының әрекеті "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңның 8-1-бабына қайшы. Турист сондай-ақ өзін кешеннің заңгері ретінде таныстырған әйелдің аты-жөнін айтпағанын және құжаттарын көрсетпегенін, сонымен қатар қонақүй аумағында "өз заңдары бар" деген сөз айтылғанын жеткізді.

Туристердің мерзімінен бұрын кеткені және қаражаттың ұсталғаны Талғар ауданының полициясы тарапынан тіркелген. Қазір олар қонақүй басшылығына соталды шағым мен іс материалдарын жіберуге дайындалып жатыр. Іс полицияның бақылауында.

Бұдан бөлек, турист қонақүйдің ішкі ережелерінде алдын ала төлемнің 100 пайыз екені және қаражат қайтарылмайтыны көрсетілгенін атап өтті. Алайда ол мұндай талаптар Қазақстан заңнамасынан жоғары тұра алмайтынын айтып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына жүгінуге дайын екенін мәлімдеді.

Демалыс орнының әкімшілігі редакция сауалына берген жауабында осы жағдайға қатысты түсініктеме бере алмайтынын мәлімдеді.

"Өкінішке қарай, бұл жағдай бойынша біз түсініктеме бере алмаймыз. Қонақтарға қатысты барлық мәселелерді біз жеке тәртіпте, құпиялылықты сақтай отырып, тек қонақтың өзімен тікелей талқылап шешеміз. Сондықтан үшінші тұлғаларға немесе ақпараттық ресурстарға қатысты пікір мен түсініктеме бермейміз", – деп жауап берді.

Осы іске қатысты Алматы облысы полиция департаментінен де ресми жауап күтіп отырмыз. 

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 13 Тамыз, 2026 11:56