Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Канье Уэсттің концертіне 280 мың теңгеге билет алған қазақстандық кейін арзан билеттердің пайда болғанына наразы

Канье Уэст билет
Фото: Getty Images / Сайттан скрин

Қазақстандық 14 тамыз күні Орталық стадионда болатын америкалық рэпер Канье Уэсттің концертіне 920 мың теңгеге үш билет алғаны туралы жазды. Алайда араға бір апта уақыт салып сайтта 120 мың теңге тұратын билеттер пайда болып, сатыла бастаған. Осыған байланысты қазақстандық өзінің алған билеттерін кері қайтармақ болған, алайда оның бұл шағымы қанағаттандырылмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ер адам Канье Уэсттің концертіне үш билетті әрқайсысын 280 мың теңгеден сатып алған. 

“920 мың теңге төледім. Бірақ бір аптадан кейін дәл сол санаттағы билеттер 120 мың теңгеден қайта сатылымға шықты. Қолдау қызметіне жүгіндім, бірақ маған билеттердің қайтарылмайтынын айтты. Кейін компанияға шағым жолдадым. Компания өз жауабында барлық талаптан бас тартты. Алайда жауапта олардың өздеріне қарсы қолданылуы мүмкін екі маңызды жайт көрсетілген. Біріншіден, компания билетке төленген ақша өз кірісі емес екенін жазған. Олардың түсіндіруінше, оператордың қызметі — билетті іздеу және брондау, ал оператор тек сервис алымынан табыс табады. Билет құны ұйымдастырушының атынан агент ретінде қабылданады және оператордың кірісі болып саналмайды. Сондай-ақ концерт өткізуге байланысты шығындарды ұйымдастырушы көтеретіні, ал оператор бұл шығындарды өтемейтіні әрі олардың нақты көлемін білмейтіні көрсетілген”, – дейді тұтынушы.

Соған қарамастан, компания ұйымдастырушының концертке жұмсаған шығыны көп болғандықтан билет құны толықтай қартарылмайды деп түсіндірген. Ер адам заң бойынша қаражаттан нақты жұмсалған шығындарды ғана ұстап қалуға болатынын және мұндай шығындар тиісті құжаттармен расталуы тиіс екенін айтады. Алайда компания жауабында бұл шығындарды өзі көтермейтіні және олардың көлемі туралы мәлімет өздерінде жоғын айтқан.

“Екіншіден, компания билеттердің бір аптадан кейін неге арзандағанын да түсіндірді. Олардың нұсқасы бойынша, бастапқыда орындардың бір бөлігі техникалық конструкцияларға арналғандықтан сатылымға шығарылмаған. Кейін сахнаның нақты схемасы келісілген соң, бірқатар орындар босап, бұл орындар сатылымға шығарылған. Бірақ бұған дейін компания тарапынан ең арзан санаттағы билеттер сатылым басталған алғашқы минуттарда-ақ толық сатылып кеткені туралы ақпарат айтылған”, – деп жазды желі қолданушысы.

Яғни, оның айтуынша компанияның бір апта айырмашылықпен жасаған екі мәлімдемесінде қайшылық бар: бір нұсқада арзан билеттер сатылып кеткені айтылса, екіншісінде бұл орындардың бастапқыда сатылымға шығарылмағаны түсіндіріледі. 

Клиент компаниядан 120 мың теңгелік санаттағы қанша билет бастапқы сатылым кезінде болғанын және олардың қашан "сатылып кетті" деп белгіленгенін нақты сұраған. Алайда компания бұл ақпаратты өзінің ішкі шаруашылық қызметіне қатысты деп түсіндіріп, жауап беруден бас тартқан.

“Шағымның негізгі тармақтарының бірі компанияның өзіндегі бір-біріне қайшы келетін екі құжатқа қатысты. Концерт ережесінде шараның күні өзгерген жағдайда билет ақшасы мүлде қайтарылмайтыны жазылған. Ал компанияның жалпы қайтару ережесінде билеттің толық құнын 14 күн ішінде қайтаруға болатыны көрсетілген”, – делінген жазбада. 

Желіде тараған жазбаға қатысты Freedom Афиша 280 мың теңгенің бөлек баға санатына кіретінін, ал 120 мың теңге – трибунадағы басқа жерде орналасқан орындардың баға санаты екенін айтады. Сондай-ақ сату барысында бұл санаттардың ешқайсысының бағасы өзгерген жоқ және төмендетілмеген.

“Клиент сатып алған билеттер қазір де сол бастапқы сатып алынған бағамен сатылып жатыр”, – делінген ресми жауапта.

Алайда концерттің ресми билет операторы Тicketonkz сайтта билеттің қайтарымсыз екенін және сатып алушы билет алатын кезде барлық шартпен келісетінін көрсеткен. 

Канье Уэст билет
Фото: Сайттан скрин

“Бұл талапты іс-шараны ұйымдастырушы белгілеген және ол концерттің парақшасында сатылым басталғанға дейін, сондай-ақ мобильді қосымшада және әлеуметтік желілердегі жарияланымдарымызда көрсетілген. Бұл талап әртіспен жасалған келісімшарттың ерекше талаптарына және концертке дейін ұзақ уақыт бұрын жұмсалған ұйымдастырушы шығындарының жоғары болуына байланысты енгізілді”, – деп жауап берді Freedom Афиша.

Билеттерді қайтарудың ерекше жағдайлары:

  • Іс-шара ұйымдастырушының кінәсінен тоқтатылған жағдайда билет операторы белгілеген тәртіппен билеттің номиналды құнының 100%-ы қайтарылады.
  • Сатып алушының кенеттен ауыр сырқаттануы немесе ауруханаға жатқызылуы, не сатып алушының жақын туысының, атап айтқанда жұбайының, ата-анасының немесе баласының қайтыс болуы.

 

Мұндай жағдайларды Freedom Афиша әрқайсысын жеке қарастырып, сәйкесінше қаражатты қайтарады.

Қайтару мәселесін қарау үшін сатып алушы билет операторына билетте көрсетілген іс-шараның басталу уақытына дейін қатаң түрде кемінде 15 сағат бұрын ресми өтініш жіберуге міндетті. Концерт басталғаннан немесе аяқталғаннан кейін берілген өтініштер қаралмайтыны көрсетілген.

Билеттері арзан жаңа секторлар қалай пайда болды?

Freedom Афишаның мәліметінше, концертті жоспарлау кезінде стадион трибуналарындағы орындардың бір бөлігі шоу өткізуге қажетті техникалық конструкцияларды орналастыру үшін резервке қойылған. Сондықтан бастапқыда бұл орындарды сатылымға шығару мүмкін болмаған.

“Дайындық барысында техникалық топпен бірлесіп, конструкциялардың бір бөлігін стадион алаңынан тыс жерге орналастыруға мүмкіндік беретін инженерлік шешім табылды. Қорытынды техникалық схема келісілген бойда бұл орындар бірден сатылымға шығарылды. Оған дейін бұл орындардың көрермендер үшін қолжетімді болатыны нақты расталмағандықтан, оларды ертерек сату мүмкін болмаған. Сатуға жарамды орындарды әдейі сатпай қою схемалары орын алмаған”, – деп жауап берді Freedom Афиша.

Сондай-ақ компания жазба авторының өтініші қаралып, сатып алушыға айтылған әрбір талап бойынша заңда белгіленген мерзімде ресми әрі негізделген жауап берілгенін атап өтті. Бұл жағдайда ақшаны қайтаруға заңды негіздер анықталмады.

Freedom Афиша қолданушыларға арналған Fan2Fan ресми қайта сату сервисі жұмыс істейтінін, оның көмегімен билетті сайттағы "Менің билеттерім" бөлімі арқылы басқа сатып алушыларға қайта сатуға шығаруға болатынын еске салды.

Еске салайық, бұған дейін танымал америкалық рэпер Канье Уэст Қазақстанда алғаш рет концерт өткізетіні хабарланған еді. Әлемдік деңгейдегі рэпердің Алматыдағы концерті туралы ақпаратты Алматы әкімдігі де растады. Десе де кейін Канье Уэсттің Орталық стадиондағы концертіне қатысты “Қайрат” клубы наразылық білдірген. Себебі концертті ұйымдастырушылар клубпен іс-шараның өтетін күні мен оны өткізу мәселесін алдын ала келіспеген.

Кейінірек Канье Уэсттің концертіне байланысты "Қайрат" еурокубоктағы матчын басқа қалаға ауыстырғаны белгілі болды.

Stan.kz
Бейсенбі, 13 Тамыз, 2026 16:53