Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Канье Уэст Қазақстанда алғаш рет концерт береді

Канье Уэст
Фото: Getty Images

Көпшілікке Канье Уэст атымен танымал америкалық рэпер Ye Қазақстанда алғаш рет концерт өткізеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесінің концерті 2026 жылғы 14 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Музыкалық іс-шара туралы 17 шілдеде продюсер Джозеф Карре Instagram парақшасында хабарлады. Концерт LIVE CONCERT TOUR 2026 атты әлемдік стадиондық тур аясында ұйымдастырылмақ.

Канье Уэст
Фото: Instagram.com/josephkarre

Әлемдік деңгейдегі рэпердің Алматыдағы концерті туралы ақпаратты Алматы әкімдігі де растады.

Алдын ала мәліметке сәйкес, билет сатылымы 20 шілдеде басталады. Концерт әншінің LIVE CONCERT TOUR 2026 әлемдік стадиондық туры аясында ұйымдастырылады. Тур сәуір айында Лос-Анджелесте басталып, кейін АҚШ, Мексика және Еуропаның ірі стадиондарында жалғасты. Алдағы уақытта Азия елдерінде де концерттер өтеді деп жоспарланған.

Бұл тур Ye-дің ұзақ үзілістен кейінгі ауқымды гастрольдік сапары саналады. Кейінгі концерттерінде алып сфера түріндегі ерекше сахналық декорация қолданылып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланған.

Айта кетейік, Канье Уэст үшін бұл Қазақстандағы алғашқы ашық концерті болмақ. Бұған дейін ол 2013 жылы Алматыға келіп, Айсұлтан Назарбаевтың үйлену тойында жабық форматтағы концерт берген.

Ye – қазіргі хип-хоп мәдениетіндегі ең ықпалды музыканттардың бірі. Ол 24 мәрте “Грэмми” сыйлығын жеңіп алған. Оның The College Dropout, Graduation, My Beautiful Dark Twisted Fantasy, Yeezus, The Life of Pablo және Donda альбомдары әлемдік музыкалық чарттарды бағындырған. Сонымен қатар, ол Yeezy сән бренді арқылы сән индустриясында да үлкен ықпалға ие.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 17 Шілде, 2026 14:20