Канье Уэсттің Орталық стадионда өтетін концерті клубпен келісілмеді – "Қайрат"

"Қайрат" футбол клубы Канье Уэсттің концертін ұйымдастырушылар клубпен іс-шараның өтетін күні мен оны өткізу мәселесін алдын ала келіспегенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Клуб Орталық стадионда өз алаңындағы матчтарын өткізіп, еурокубоктағы ойындарын жалғастырып жатыр.
Қазақстан чемпионатының күнтізбесіне сәйкес, "Қайрат" 8 және 15 тамызда Орталық стадионда матч өткізеді. Сонымен қатар 11-13 тамыз аралығында команда еурокубок аясындағы өз алаңындағы кездесуін де осы стадионда өткізуі мүмкін.
“Мұндай ауқымды концертке дайындық үшін сахнаны ұзақ уақыт бойы орнату және кейін бөлшектеу қажет. Бұл стадион алаңы мен инфрақұрылымына қосымша салмақ түсіріп, көгалдың сапасына және ресми матчтарды өткізуге кері әсер етуі ықтимал”, – дейді “Қайрат” клубы.
Сондықтан клуб барлық қажетті келісімдер аяқталмайынша, 14 тамызда Канье Уэсттің концерті Орталық стадионда өтеді деп мәлімдеуді ерте деп есептейді.
ОқыңызБұған дейін Канье Уэст Қазақстанда алғаш рет концерт беретінін жазған едік. Әлемдік деңгейдегі рэпердің Алматыдағы концерті туралы ақпаратты Алматы әкімдігі де растады.
Алдын ала мәліметке сәйкес, билет сатылымы 20 шілдеде басталады. Концерт әншінің LIVE CONCERT TOUR 2026 әлемдік стадиондық туры аясында ұйымдастырылады. Тур сәуір айында Лос-Анджелесте басталып, кейін АҚШ, Мексика және Еуропаның ірі стадиондарында жалғасты. Алдағы уақытта Азия елдерінде де концерттер өтеді деп жоспарланған.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды