"Кәрісің, бізге жастар керек дейді": Қазақстандықтар 35-40 жастан кейін жұмысқа тұра алмайтындарын айтып, шағымданды

Желіде қазақстандықтар елімізде 40 жастан кейін жаңа жұмыс табу қиын екенін айтып алаңдаушылық танытуда. Айтуларынша еңбек нарығында жасқа байланысты шектеулер жиі сезіледі. Көптеген компаниялар басқаруға оңай, жастарды іздейді. Компаниялар неге жас қызметкерлерді таңдайды? 35 жастан асқан соң қалай жұмыс табуға болады? Stan.kz тілшісі осы сауалдар мен эйджизмнің еңбек нарығында қалай әсер етіп жатқанын зерттеп көрді.
Желіде бос жұмыс орындарына арналған хабарландырулар көп. Алайда барлығында дерлік ең маңызды талап 35-40 жасқа дейінгі жас шектеуі. Қазақстандықтар осы мәселе туралы жазып, ересек жаста жұмыс табудың қиындығын айтып, алаңдаушылық білдірді.
“Жұмыс берушілерге сұрақ. Неліктен жас шектеуін 35 жасқа дейін деп көрсетесіздер? 35-тен кейін адам зейнетке шығуы керек деп ойлайсыздар ма? Сіздердің ойларыңызша, 35-тен асқандар қайда жұмыс істеуі керек? Бұл не деген эйджизм? Шетелдік компанияларда мұндай жоқ қой”,
“Күйеуім – техникалық базасы мықты, ML, математикалық статистика және басқа да дағдылары бар жақсы бағдарламашы. Бірақ жасы 50-ден асқан, жұмысқа алмай жатыр. Тіпті түйіндемесін қарастырмайтын сияқты”,
“Не істеуге болады? Араларыңызда эйджизмді жеңе алған мамандар бар ма? Өзім сатумен айналысамын, қосымша графикалық дизайн істеймін. Бірақ ипотекамыз, екі кішкентай баламыз бар. Болашағымызға алаңдаймын”, – деп жазды желі қолданушылары.
“Алғашқы белгілер 33 жаста білінсе, 40 жаста бұл үлкен кедергіге айналады”
Алматылық 42 жастағы Меруерт үш дипломы болса да, жұмыс нарығы мен қоғам үшін қазір өзін “өтімсіз адам” ретінде санайтынын жасырмады.
“Бірінші дипломым – ҚазҰУ, философия факультетінен. Ол жаққа қатты қызыққаннан емес. Жай ғана ҰБТ балымен грантқа өткен соң түсе салдым. Бұл оқуды 21 жасымда бітірдім. Екінші мамандығым – ағылшын тілі, үшіншісі – психология. Бұл екі мамандықты мен алғашқы дипломымды алғаннан кейін, жұмыс істей жүріп параллельді түрде оқып алдым. 21 жасымда бірінші дипломды алғаннан кейін бірден жұмысқа шықтым. Авиаагент, турагент, басшылардың көмекшісі сияқты жұмыстарды істедім әрі параллельді түрде оқуымды жалғастырдым.
Алайда 30-дан асқан шағымда алғаш рет еңбек нарығына қажеттілігім азайғанын сезіне бастадым. Жиі сұхбаттардан қағылып, жасым нақты кедергіге айнала бастады. Сосын алғашқы мамандығым (философия) психологияға жақын болғандықтан, үшінші дипломымды іске қосып, өзіме жұмыс істейін деп шештім. Кабинет жалдап, сессиялар өткізе бастадым. Бірақ бұл салада біліктілікті үнемі арттырып отыру керек. Ал оған ақша қажет. Сөйтіп, қосымша табыс үшін қайтадан жалдамалы жұмысқа тұруға тура келді. Алайда мұнда мені нағыз жас шектеуі күтіп тұр екен”, – деді ол.
Меруерт қазір хостелде ресепшенде қызмет етеді. Ол эйджизмнің алғашқы белгілерін 33 жасында сезе бастағанын алға тартты.
“Басында біліктілігімнен немесе түйіндемемнен шығар деп ойлағам. Кейін кедергінің бәрі жасымда екенін түсіндім. Түйіндеме жібересің, кездесуге барасың, бәрі жақсы сияқты. Бірақ соңында бас тартады. Жасың 30-дан асқан соң жұмыс берушілер үшін сенің тәжірибеңнен гөрі туған жылың үлкен барьер болатынын сол кезде бірінші рет анық сездім.
Егер 30-дан асқанда бұл жай ғана кедергі болса, 40-қа таяғанда ол үлкен мәселеге айналады. Жұмыс нарығында сен мүлдем "өтімсіз" тауарсың. Адамдар сенен, яғни "тәтеден" кәдімгідей қорқады. Бәрі тек жас қызметкерлерді іздейді. Сұхбатқа барғанда HR-мамандардың көздерінен "бізге мынадай үлкен кісімен жұмыс істеу ыңғайсыз" деген ойды анық оқисың. Тығырыққа тірелгенімді сол кезде байқадым. Өзіме жұмыс істеп, дамуға қаражат жетпейді. Ал жалдамалы жұмысқа жасым кедергі”, – деп қосты ол.
“Компанияларға басқаруға оңай әрі арзан жас мамандар керек”
Алматылық осы тұста 40 жастан асқандардың көпшілігі айлап, жылдап жұмыссыз қалатынын алға тартты. Айтуынша, көптеген компаниялар ересек қызметкерлерден жасқанады.
“Менің жағдайымда нақты "сіз кәрісіз" деп бетіме айтпаса да, "біз сізге хабарласамыз" деп сыпайы түрде құтылатын. Шын мәнінде, олар жай ғана менен жасқанды. Компанияларға басқаруға оңай, аузын ашпайтын жастар керек. 40-тан асқан тәжірибелі, өз пікірі бар адам оларға өте ыңғайсыз. Оларға сауатты маманнан гөрі, жас әрі арзан жұмыс күші тиімдірек.
Айлап, жылдап жұмыссыз отыруға болады. 40-тан асқандар тек тамыр-таныс арқылы немесе өздері жеке кәсіп ашқанда ғана бірдеңеге ілігеді. Ал жалпылама нарыққа шығып түйіндеме таратсаң, елеусіз қаласың. Жаңа мүмкіндіктер өте шектеулі”, – деді Меруерт.
Ол Қазақстанда эйджизм тек жұмыста ғана емес жалпы қоғамда да кең көріністе екенін жасырмады.
“Қазақстандағы эйджизм мен дискриминация шегіне жеткен, ол барлық жерде тамыр жайған және ешкім одан ұялмайды. Интернетті ашсаң 40 жастағылар “әжелер” деп келеке етіп жатады. Жұмыс іздесең – "кәрісің, бізге жастар керек" дейді. Отбасы, туыстар ортасында "отырып қалғансың" дейді. Шынымен жұмыс берушілерді былай қойғанда, бұл дискриминация туыстар мен отбасы тарапынан да қатты білінеді”, – деп қосты алматылық.
Меруерт жұмыс берушілердің осы тұста қателесетінін алға тартты. Айтуынша, керісінше ересек жастағылар жұмысқа өте ұқыпты, абдырап қалмайтын, мықты мамандар.
“40 жастағы "тәтелерден" қорқуды қойыңыздар. Сіздерге тек көзге қарап жаутаңдайтын жастар емес, нақты жұмыс істейтін, логикасы бар, дағдарыс кезінде абдырап қалмайтын ересек мамандар керек. Жас ерекшелігіне қарай дискриминация жасау арқылы сіздер өздеріңізді мықты кадрлардан айырып отырсыздар. Адамды туған жылына қарап емес, миына қарап жұмысқа алуды үйренетін кез келді”, – деп қорытты ол.
Оқыңыз“Олар жиі ауырады, өзгеріске бейім емес”
20 жылдан бері осы салада жұмыс істейтін HR саласының маманы Назгүл Байгулова жұмыс берушілердің шынымен жастарға басымдық беретінін растады.
“Біз Қазақстан бойынша бос орындарға қызметкерлер табумен айналысамыз. Иә, өкінішке қарай, мұндай үрдіс бар. Біздің тәжірибеге сүйенсек, көптеген жұмыс берушілер расымен де 35–40 жасқа дейінгі кандидаттарға басымдық береді. Әдетте олар вакансияға өтінім берген кезде, тіпті вакансия профилін толтыру барысында да, ауызша не жазбаша түрде кандидаттың жасы 35-ке дейін немесе 40-қа дейін болғанын қалайтынын айтып жатады. Көп жағдайда тікелей 35 жасқа дейінгі мамандарды сұрайды”, – деді ол.
Маманның айтуынша, жұмыс берушілер жастарды икемді әрі тез бейімделеді деп есептейді.
“Неліктен жұмыс берушілер тәжірибесі мол болса да жас мамандарды көбірек таңдайды деген сұраққа келсек, бұл көбіне қоғамдағы стереотиптермен байланысты. Көбінде 40 жастан кейін адам бұрынғыдай белсенді болмайды, жиі ауырады, өзгеріске бейім емес, консервативті болады және келісімге келу қиындау деген түсінік қалыптасқан.
Бірақ менің ойымша, бұл – тек стереотип. Өйткені шын мәнінде көп нәрсе жасқа емес, адамның өзіне байланысты. Адамдар әртүрлі болады. 45 жастан кейін де, тіпті 50 жастан асқан соң да бәрі адамның ішкі күйіне, жігеріне өмірге және жұмысқа деген көзқарасына байланысты”, – деп қосты ол.
“Жастар бір орыннан жалығады, ал 40 жастан асқандар адал болады”
Назгүл Байгулова осы тұста 40 жастан асқан қызметкерлердің артықшылықтары көп екенін алға тартты. Айтуынша, мұндай жастағы қызметкерлер жастарға қарағанда компанияға көбірек тиімділік әкелуі мүмкін.
“Біріншіден, олардың артында үлкен кәсіби тәжірибе мен өмірлік даналық бар. Екіншіден, мұндай қызметкерлер әртүрлі адамдармен және түрлі ұжымдарда жұмыс істеу тәжірибесіне ие. Соның арқасында олар икемдірек келеді, коммуникация дағдылары жақсы дамыған және адамдармен тіл табысуды жақсы біледі. Өмірлік тәжірибесі болғандықтан, жұмыс мәселелерін сабырмен шешеді.
Ең бастысы – 40 жастан асқан қызметкерлер көбіне тұрақтылыққа бейім болады.Сондықтан жұмысқа көбірек көңіл бөле алады. Жастар бір орында ұзақ уақыт жұмыс істеуден жалығып, әркез жаңа мүмкіндікке ұмтылса, осы жастағылар керісінше тұрақты әрі адал болады. Олар өмірден өз орындарын тапқандықтан жұмысқа көбірек көңіл аударады. Яғни отбасын құрып, балалары ер жеткендіктен артық алаңдамайды”, -деп қосты ол.
Маман осы тұста 35 жастан асқан адамдар да еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болып қала алатынын жеткізді.
“Ол үшін ең бастысы – өздерінің мықты тұстарын түсініп, оны жұмыс берушіге дұрыс көрсете білу. Бұл әрі түйіндемеде, әрі әңгімелесу кезінде маңызды. Мысалы, сұхбат барысында кандидат компанияға қандай пайда әкеле алатынын, қандай міндеттерді шеше білетінін, қандай нәтижелерге қол жеткізгенін және оның кәсіби құндылығы неде екенін нақты түсіндіре алуы керек.
Екіншіден, өзін-өзі бағалаумен жұмыс істеу маңызды. Кей жағдайда психологқа жүгіну де көмектесуі мүмкін. Адам өзіне деген сенімділікті қайта қалыптастырып, күшті қырларын көре білуі және жасты кедергі ретінде қабылдамауы керек. Өйткені 40 жастан асқан көптеген кандидаттар сұхбатқа келгенде, ең алдымен "жасымнан жұмысқа алмай жатыр" деп айта бастайды. Негізі олар бұл туралы емес, өздерінің мықты жақтары, жетістіктері және кәсіби құндылығы туралы айтуы керек. Ең бастысы – өзіңізге сену және жұмыс берушіге кәсібилігіңізді дұрыс көрсете білу”, – деп қосты ол.
Назгүл Байгулова жасқа қатысты стереотиппен күресуде HR мамандарының да маңызы зор екенін тілге тиек етті.
“Олар басшылыққа адал қызметкерлерді ұсына білуі керек. Елімізде керісінше жасы үлкен мамандар бағалы болып саналатын да мамандықтар бар. Мысалы бухгалтер, қаржы мамандары, заңгерлер. Оларда қаншалықты көп тәжірибе мен уақытын арнаған болса, соншалықты білікті болып саналады. Сол секілді барлық салада кез келген жастағы адамдар кедергісіз біліктілігн көрсете алады”, – деп қорытты ол.
"Кәрісің, бізге жастар керек дейді": Қазақстандықтар 35-40 жастан кейін жұмысқа тұра алмайтындарын айтып, шағымданды