"85 мың теңгеге алты жылда әрең жеттік": Еңбек министрлігі ең төменгі жалақыны көтеру мәселесіне қатысты пікір білдірді

Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі әлі талқыланып жатыр. Еңбек министрлігі нақты шешім жыл соңына дейін хабарланатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ең төменгі жалақыны көтеру мәселесін Сенатта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев көтерді. Оның айтуынша, қазіргі 85 мың теңгелік ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру туралы нақты шешім әлі қабылданбады. Бұл мәселе бизнес өкілдері, кәсіпорындар мен кәсіподақтардың қатысуымен жан-жақты қаралады дейді ол.
“Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге. Біз бұл көрсеткішке 5-6 жыл дегенде жеттік. Мысалы, 2019-2020 жылдары ең төменгі жалақы шамамен 42 мың теңге көлемінде болған. Қазір қоғамда ең төменгі жалақыны көтеру туралы пікірлер жиі айтылып жатыр. Алайда мұндай шешімді бір ғана министрлік өз бетінше қабылдай алмайды. 150 мың теңгеге көтере салайық дейтін оңай мәселе емес. Мұнда еңбек өнімділігі, кәсіпорындардың жағдайы, бизнестің мүмкіндігі секілді көптеген фактор бар. Жұмыс берушілер бұған дайын ба, соны да ескеруіміз керек”, – дейді вице-министр.
ОқыңызВице-министрдің айтуынша, қазір елде шамамен 9,7 миллион адам еңбек етеді. Соның жартысынан көбі жекеменшік секторда жұмыс істейді. Егер ең төменгі жалақыны күрт көтеру туралы шешім қабылданса, кей кәсіпорындар жұмысшылар санын қысқартуы мүмкін дейді.
“Ертең бизнеске “жалақыны екі есе көтер” десек, олар “онда жұмысшыларды қысқартамыз” деуі мүмкін. Бұл өз кезегінде басқа мәселелердің туындауына алып келеді. Сондықтан біз барлық жұмыс орнын сақтап, ортақ шешімге келуіміз керек”, – деді вице-министр.
Сонымен қатар ол министрлік бұл мәселе бойынша кәсіподақтармен, кәсіпкерлермен және халықаралық еңбек ұйымымен кеңесіп жатқанын айтты.
“Қазір түрлі ұсыныстар жиналып, талқыланып жатыр. Ең төменгі жалақыны көтеру мәселесіне қатысты нақты ұсыныс жыл соңына қарай жариялануы мүмкін”, – дейді Тұяқбаев.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін екені туралы жазған едік.
"Әліби, өмір сүр!": Тоқалымен көңіл жарастырған жігітті кәсіпкер Қайрат Жамалиев қалай азаптады