"Халықты қуантқымыз келеді": Жұманғарин ең төменгі жалақыны көтеруге қатысты пікір білдірді

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстандағы ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) көтеру мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі ең төменгі жалақы көлемі 85 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін өсетінін айтқан еді.
Үкімет кулуарында журналистер Жұманғариннен жалақы бірден көтеріле ме, әлде кезең-кезеңімен жүзеге аса ма деп сұрады.
Вице-премьердің айтуынша, бұл мәселемен арнайы жұмыс тобы айналысып жатыр.
“Қазір осы мәселемен жұмыс істеп жатырмыз. Әдістеменің өзі жеткілікті икемді. Бүгінде ең төменгі жалақы екі негізгі көрсеткішке байланысты есептеледі. Олар еңбек өнімділігі мен медианалық жалақы. Сонымен қатар біз ең төменгі жалақы деңгейін реттеу үшін белгісіздік коэффициентін де қостық. Бірақ оны қаншаға көтереміз, жалпы көтереміз бе бәрі бюджет мүмкіндігіне байланысты”, – деді Серік Жұманғарин.
Шенеунік бұл мәселе әлі қаралып жатқанын, нақты жауап жақын уақытта берілетінін жеткізді.
“Қазір біз үш жылдық бюджетті қалыптастыруды бастап кеттік. Әрине, осындай деңгейде жалақы алып жүрген азаматтарды қуантқымыз келеді. Бірақ нақты “иә” деп айту үшін барлық есеп дұрыс жүргізілуі керек. Өйткені бұл бюджеттен бөлінетін шығын”, – деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін елімізде ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін екені туралы жазған едік.
"Адам қағып өлтіру, есірткі мен тәртіпсіздіктер": Қоғамды дүр сілкіндірген шенеуніктің ұлы Мақсат Үсенов қалай жазадан құтылып келді?
Оқыңыз