Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ең төменгі жалақы кезең-кезеңімен арттырылады

Теңге
Фото: Stan.kz

Қазақстанда ең төменгі жалақы кезең-кезеңімен арттырылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Курсив басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық экономика министрлігі халықтың табысын арттыру және өмір сүру деңгейін көтеру елдің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

"Қазір ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) арттыру мәселесі талқылау сатысында тұр және ол бюджеттің мүмкіндіктері ескеріле отырып қарастырылады. ЕТЖ деңгейін кезең-кезеңімен көтеру жоспарлануда, ал тиісті параметрлер келесі жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет қалыптастыру кезінде айқындалады", – делінген министрлік жауабында.

Қазір Қазақстандағы ең төменгі жалақы 2024 жылы үкімет бекіткен арнайы әдістеме бойынша айқындалады. Ол медианалық жалақы мен еңбек өнімділігін ескере отырып есептеледі.
 

Сонымен қатар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына негізделген жаңа әдістеме дайындаған. Қазір бұл жоба мемлекеттік органдар арасында келісу кезеңінен өтуде.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, ең төменгі жалақы 2027 жылы көтерілуі мүмкін.

"Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026–2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында 2027–2028 жылдары ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) арттыру мүмкіндігі қарастырылуда", – делінген еңбек министрлігінің жауабында.

Министрлік ең төменгі жалақыны арттыру мәселесі 2026 жылғы ресми статистика жарияланғаннан кейін қарастырылатынын атап өтті. Шешім қабылданар алдында билік органдары ең төменгі жалақының экономика мен әлеуметтік салаға, жалақы деңгейіне, ЖІӨ-ге, инфляцияға және бюджетке қалай әсер ететінін жан-жақты талдайды.

Еске салсақ, бұған дейін елімізде ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін екені туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 04 Мамыр, 2026 22:03