Тоқаев Трампты туған күнімен құттықтап, серіктестікті нығайтуға дайын екенін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трампқа туған күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трампты туған күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы жолдаған жеделхатында Қазақстанның АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
ОқыңызСондай-ақ жоғары деңгейдегі саяси диалогтың маңызына және екі ел арасындағы сауда-экономикалық әрі инвестициялық ынтымақтастықтың даму қарқынына тоқталды.
Президент Қазақстанның бейбітшілікті сақтау, өзара түсіністік пен орнықты дамуды ілгерілету бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа зор денсаулық, бақ-береке және АҚШ халқының игілігі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Дональд Трамп туған күндерін қалай атап өтті?
14 маусымда АҚШ-тың 47-президенті Дональд Трамп 80 жасқа толды. Америкалық саясаткер мен кәсіпкер туған күндерін ерекше сән-салтанатпен атап өтетінімен танымал. Биылғы мерейтой да осы дәстүрден тыс қалмады. Осыған орай әлемдік БАҚ-та кеңінен талқыланған Трамптың ең есте қалған туған күндерін еске түсірдік.
Дональд Трамп 80 жылдық мерейтойын Ақ үй аумағында өтетін UFC турнирімен атап өтуді жөн көрді. Осыған байланысты Ақ үйдің оңтүстік көгалында аралас жекпе-жекке арналған уақытша сегіз қырлы арена орнатылды. Арена АҚШ туының түстерімен безендіріліп, тікелей эфирге арналған алып экрандар қойылды. Трамптың айтуынша, Ақ үй алдындағы алаңда 5 мың көрерменге арналған орын дайындалған.
2024 жылы Трамп туған күнін президенттік сайлау науқанының қызған шағында қарсы алды. Ол Флорида штатындағы Уэст-Палм-Бич қаласында орналасқан "47 клубының" мүшелерімен кездесті.
Іс-шараға 5 мыңға жуық билет сатылған. Сол кештің басты ерекшелігі алты қабатты алып торт болды. Торттың үстіне MAGA жазуы бар бейсболка, АҚШ туы, Трамптың гольф ойнап тұрған бейнесі және Ақ үйдегі Сопақ кабинет бейнеленген.
Кейін Трамп бұл кешті "өміріндегі ең керемет туған күн кеші" деп атаған.
1996 жылы 50 жылдық мерейтойын Трамп Нью-Йорктегі Trump Tower ғимаратында атап өтті. Кешті оның сол кездегі жары Марла Мэйплз ұйымдастырған.
Қонақтарға шампан мен құлпынай ұсынылып, скрипкашылар мен пианист өнер көрсетті. Кеш соңында сахнаға Супермен кейпіндегі Дональд Трамп бейнеленген алып торт шығарылды. Торттағы кейіпкердің кеудесінде дәстүрлі "S" әрпінің орнына доллар белгісі орналастырылған еді.
1993 жылы Трамп туған күн кешін "Қайта өрлеу дәуірінің адамы" тақырыбында өткізді.
Шақыру билеттерінде жас Трамптың тақта отырып, қолына қылыш ұстаған бейнесі жарияланған. Ал оның аяғында жұбайы Марла Мэйплз отырған.
Ұйымдастырушылар қонақтарға би кешін, рыцарлық турнирлерді және түрлі тосынсыйларды уәде еткен.
Арада шамамен 24 жыл өткен соң Трамп шынымен де АҚШ президенті болып сайланып, Ақ үйге келді.
1988 жылы Трамп туған күнін өзінің әйгілі Trump’s Castle қонақүйі мен казиносында атап өтті.
Кештің ашылуында ұзындығы 4,5 метр болатын ғарыш кемесінің макеті сахнадан ұшырылып, түтін мен лазерлік жарықтардың арасында қалықтап тұрған. Кейін қонақтарды бишілер мен сиқыршылар көңіл көтерген. Сондай-ақ кеш барысында Майкл Джексонның әйгілі Bad әнінің арнайы өзгертілген нұсқасы орындалған. Сол жылы Трампты АҚШ президенті Рональд Рейган, актерлер Билли Кристал, Лайза Миннелли және басқа да танымал тұлғалар құттықтаған.
Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің бейбіт жолмен реттелуін бірнеше рет қолдайтынын мәлімдеген еді. Мемлекет басшысы халықаралық дауларды дипломатиялық келіссөздер арқылы шешудің маңызын атап өтіп, Таяу Шығыстағы тұрақтылықтың әлемдік экономика мен сауда үшін аса маңызды екенін айтқан.
Қазақстандық түрмелерде енді сотталғандар отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады