Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дипломынан айырылғалы отыр": Алматыда әскерге күштеп әкеткен студенттің анасы президенттен араша сұрады

студентті әскерге алып кеткен
Фото: Видеодан скрин

Мемлекеттік емтихандарын тапсырып жүрген студентті көшеден әскерге алып кеткен. Студенттің анасы президенттен араша сұрайды. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Stan.kz тілшісіне студенттің әскерге шақырылған кезде күндізгі бөлімде оқып жатқанын растады. Университет басшылығы студенттің мемлекеттік емтихандарға жіберілгенін және оқудан шығарылмағанын растап, қорғаныс министрлігінен жағдайға қатысты қызметтік тексеру жүргізуді талап еткен.

Алматы қаласының тұрғыны Жанат есімді ана ұлын әскери комиссариат қызметкерлері заңсыз түрде әскерге әкеткенін айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрады.

"Ұлымды әскери комиссариат қызметкерлері заң талаптарын өрескел бұза отырып әскер қатарына алып кетті деп есептеймін. Мен баламның Отан алдындағы борышын өтеуіне қарсы емеспін. Алайда оның заңсыз жолмен әкетілуіне, құқығының тапталуына және білім алуына кедергі келтірілуіне қарсымын. Ұлым жоғары оқу орнында грант негізінде білім алып жатыр. Әскерге алып кеткеннен кейін университеттен мемлекеттік емтиханға міндетті түрде қатысуы қажет екені туралы хабар келді. Осы мәселені шешу үшін өзім әскери бөлімге және әскери комиссариатқа бірнеше рет бардым", – дейді анасы Жанат.

Жанаттың айтуынша, ұлы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің күндізгі бөлімінде мемлекеттік грант негізінде білім алып жүрген. Оқуын аяқтауға санаулы уақыт қалған студент мемлекеттік емтихандарын тапсырып жатқан кезде көшеден ұсталып, әскерге жөнелтілген.

"Алматы қаласы Бостандық аудандық әскери комиссариатының басшылығымен кездескен кезде маған "Қарағандыға барып, жағдайыңызды түсіндіріңіз, арыз жазыңыз. Балаңызды уақытша босатып, мемлекеттік емтиханын тапсыртып, кейін қайта апарып тапсырасыздар. Ұстамаймыз" деген жауап берілді. Мен бұған қатты таңғалдым. Қазақстанда азаматтарды осылай алып кетіп, кейін қайта әкеліп тапсыру деген заң бар ма? Бұл әрекеттердің барлығы заңсыз деп санаймын", – дейді анасы Жанат.

Анасының сөзінше, ұлы 22 мамыр күні алғашқы мемлекеттік емтиханын тапсырған. Ал маусым айының соңына дейін тағы бірнеше мемлекеттік емтиханнан өтуге тиіс болған. Алайда сол аралықта оны Алматы қаласындағы Аюсай маңынан әскери комиссариат қызметкерлері алып кеткен.

"Ең сорақысы, әскери комиссариаттағы құжаттарда менің ұлымның жеке деректері бұрмаланған. Ұлымның ЖСН орнына басқа адамның деректері енгізілген. Басқа азаматтың мәліметтері, басқа факультеттің атауы көрсетілген. Тіпті 1999 жылы туған бөтен адамның жеке сәйкестендіру нөмірі тіркелген. Бұл мемлекеттік деректерді қолдан жасауға тең өте ауыр заң бұзушылық. Сонымен қатар ұлыма "сен оқудан шығарылғансың" деп жалған ақпарат айтылып, оған психологиялық қысым көрсетілген. Өз құқықтарын түсіндіруге мүмкіндік берілмеген. Қарағанды қаласындағы әскери бөлімге барғанымызда олар: "Бізге жігітті Алматы қаласы Бостандық аудандық әскери комиссариаты жіберді, біз тек қабылдап алдық. Егер Бостандық аудандық әскери комиссариатынан ресми түрде босату туралы хат келсе ғана жібереміз" деп жауап берді. Яғни, әр мекеме жауапкершілікті бір-біріне сілтеп отыр", – дейді Жанат.
әскерге күштеп алып кеткен бала
Фото: Видеодан скрин

Кейін eGov арқылы қажет мәліметтерді алып, көрсетілген байланыс нөміріне хабарласқаннан кейін ғана Жанат баласының қайда жеткізілгенін анықтаған.

"Одан кейін қарындасы жоғары оқу орнынан оның студент екенін растайтын ресми анықтама алып барған. Алайда әскери комиссариат қызметкерлері бұл құжатқа да сенбей, "мұны қолдан жасатқансыңдар, сатып алғансыңдар" деп күмән келтірген. Қарындасы мен туыстары түрлі мекемелерге хабарласып, ұлымның студент екенін, мемлекеттік емтихандары бар екенін айтып түсіндіруге тырысқанымен, олардың уәжіне ешкім құлақ аспаған", – дейді студенттің анасы Жанат.

Жанат президенттен заңсыз әрекетке жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды және әскери комиссариат қызметкерлерінің әрекеттеріне толық әрі әділ тексеру жүргізуді сұрайды.

"Ұлым грантта оқиды. Алдында мемлекеттік емтиханы тұр. Ол өз оқуын аяқтап, дипломын алуы керек. Оның болашағы, мамандығы және ертеңгі күні осы біліммен байланысты. Болашақта жеп отыратын наны. Мен, тағы да сізден ана ретінде өтініп сұраймын: баламның заңды құқықтарын қорғауға көмектесіңіз, оның мемлекеттік емтихандарын тапсыруына мүмкіндік беріңіз және осы жағдай бойынша әділ шешім қабылдануын қамтамасыз етіңіз. Ана жүрегінің жанайқайын ескеріп, бұл мәселеге назар аударады деп сенемін", – дейді анасы Жанат.

"Бізде әлі студент ретінде тіркеліп, оқып жатыр"

Студенттің әскерге шақырылуына қатысты жағдайға байланысты редакция сауалына жауап берген Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Ізбасар Ердос Ермекұлының оқуын аяқтамағанын және әскерге шақырылған кезде ресми түрде студент мәртебесінде болғанын растады.

Университеттің мәліметінше, Ізбасар Ердос Ермекұлы 2022 жылғы 25 тамызда "Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету" білім беру бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант негізінде оқуға қабылданған. Қазір ол "Су ресурстары және IT-технологиясы" факультетінің 4-курс студенті болып саналады және оқуын 2026 жылғы 30 маусымда аяқтауға тиіс.

"Студент 2022-2026 жылдар аралығында университеттен оқудан шығарылған жоқ және қайта қабылданбаған. Әскерге шақырылған уақытта білім алушылар қатарында болғаны Жоғары білім берудің бірыңғай платформасының техникалық мамандары тарапынан да расталды", – делінген университеттің редакцияға жолдаған жауабында.

Оқу орнының мәліметінше, студент 2026 жылғы 12 мамырдағы бұйрықпен қорытынды аттестаттауға жіберілген. Ол 22 мамыр күні алғашқы кешенді емтиханын тапсырып, 60 балл жинаған. Ал екінші кешенді емтихан 8 маусымға жоспарланған еді.

"Әскерге шақырылған сәтте студент оқуын аяқтамаған, университеттен шығарылмаған және мемлекеттік емтихандар мен қорытынды аттестаттауды қоса алғанда, білім беру бағдарламасын толық меңгеру процесінде болған", – деп атап өтті университет.

Осы жағдайға байланысты жоғары оқу орны 8 маусым күні қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың атына ресми хат жолдап, студентті әскерге шақырудың заңдылығын тексеруді сұраған. Университет "Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы" заңының 35-бабына сәйкес күндізгі бөлімде оқитын азаматтарға оқу мерзімі аяқталғанға дейін мерзімді әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру берілетінін еске салған.

"Аталған мән-жайлар жан-жақты тексеруді талап етеді. Осыған байланысты студентті әскерге шақырудың заңдылығына қызметтік тексеру жүргізуді, шақыру туралы шешім қабылдауға негіз болған мәліметтердің дұрыстығын анықтауды және қажет болған жағдайда студенттің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді сұрадық", – деп мәлімдеді оқу орны.

Сондай-ақ университет өкілдері қазіргі жағдай студенттің заңды құқықтары мен мүдделеріне қауіп төндіріп отырғанын атап өткен.

"Қалыптасқан жағдай студентке елеулі қолайсыз салдар туындатып, тіпті оқудан шығарылу қаупіне әкелуі мүмкін. Егер мәселе қысқа мерзімде шешілмесе, ол мемлекеттік қорытынды емтиханды қайта тапсыру мүмкіндігінен айырылып, жоғары білім туралы диплом алу құқығын жүзеге асыра алмай қалуы ықтимал", – делінген ресми жауапта.

Осыған байланысты университет құзырлы органдардан студенттің білім алу құқығын қорғау және оның бұзылған заңды мүдделерін қалпына келтіру үшін заңнамада көзделген шараларды қабылдауды сұраған.

“Біз тек әскери комиссариат жіберген сарбаздарды қабылдаймыз – Ұлттық ұлан”

Редакцияның сауалына жауап берген Ұлттық ұлан өкілі студенттің әскерге шақырылуына қатысты негізгі жауапкершілік әскери комиссариаттарға жүктелетінін айтты.

"Әскери комиссариаттар Қорғаныс министрлігіне қарайды. Олар әскерге шақырылушыларды жинақтап, құжаттарын рәсімдеп, медициналық тексеруден өткізіп, команда ретінде бізге тапсырады", – деді Ұлттық ұлан өкілі.

Сондай-ақ ол әскери бөлімнің міндеті әскери комиссариат жіберген азаматтарды қабылдап алу ғана екенін атап өтті.

"Біз тек келіп, сол командадағы жігіттердің құжаттарын, анықтамаларын, медициналық комиссиядан өткенін тексеріп, әскери бөлімге алып кетеміз. Жігіттерді кімнің және қандай негізде шақырғаны әскери комиссариаттардың құзыретіне жатады", – деді ол.

Алайда Бостандық аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқарма өкілдері мәселені басқаша түсіндіреді. Олардың сөзінше, студентке бір жылға академиялық демалыс рәсімделіп, әскери қызметтен кейін оқуын жалғастыруға мүмкіндік беріледі.

Ал анасы мен университет өкілдері осы жағдайда студент мемлекеттік емтихандарын уақытында тапсыра алмай, диплом алу мерзімінен айырылып қалуы мүмкін екенін айтып отыр.

Stan.kz
Жұма, 12 Маусым, 2026 12:12