Жетісу облысында әйел күйеуін пышақтап өлтірді деген күдікпен ұсталды

Жетісу облысының Текелі қаласында әйел адам күйеуін пышақтап өлтірді. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратты облыстық полиция департаменті растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"НеМолчи" қорының мәліметінше, күдікті Лидия көпбалалы ана. Көршілерінің айтуынша, марқұм күйеуі ұзақ жылдар бойы отбасы мүшелеріне тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен. Ол жиі мас күйінде үйге келіп, жанжал шығарып, әйелі мен балаларына қол көтерген.
Жарияланған мәліметтерге сәйкес, ер адам әйелін бірнеше рет ұрып-соғып, балаларымен бірге үйден қуып шыққан. Тіпті қыста үйдің барлық терезесін сындырғаны да айтылған.
"Болған қайғылы оқиғаны ақтауға тырыспаймыз. Алайда бұл әйел мен оның балаларының жылдар бойы қандай жағдайда өмір сүргеніне назар аударуды сұраймыз", – делінген жарияланымда.
ОқыңызЖетісу облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыс 10 маусымға қараған түні болған. 45 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмған.
"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында өлімге әкелген жарақатты ер адамның жұбайы бірге спирттік ішімдік ішкен кезде салғаны анықталды", – деп хабарлады полиция.
Қазір барлық мән-жайды жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот күдіктіні қамауға алу туралы шешім шығарып, ол Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторына орналастырылды. Полиция түпкілікті процессуалдық шешім тергеу аяқталғаннан кейін қабылданатынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанда 41 жастағы ер адам діни некедегі екінші әйелін өлтіру үшін 10 мың долларға киллер жалдағаны хабарланған еді. Тергеу мәліметінше, ол орындаушыға алдын ала 2 мың доллар беріп, қалған қаржыны қылмыс жасалғаннан кейін төлеуге келіскен. Алайда жалдамалы киллер құқық қорғау органдарымен ынтымақтастыққа барып, арнайы операция нәтижесінде әйелдің өмірі сақталып қалды. Күдікті қылмыс "орындалды" деп ойлап, қалған 8 мың долларды бермек болған сәтте ұсталған.
Қазақстандық түрмелерде енді сотталғандар отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады