Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желіде шетелге шыққан қазақстандықтарға сыйақы ұсынатындар көбейген: Мұның артында не тұр

тредс
Фото: Скриншот

Желіде шетелге шыққан адамдарға 15-20 мың теңгеге дейін ақша табу ұсынысымен хабарландырулар жарияланды. Сөздерінше, шетелге шыққандардың ЭЦҚ-сын алу арқылы верификация жасалады екен. Stan.kz тілшісі мұның қаншалықты сенімді екенін және қандай салдары болуы мүмкін екенін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Threads желісінде “Осы жылы шетелге шыққандар керек. Ақысы төленеді” деген сарында бірнеше посттар жарияланды. Олар 5-10 минутта 15-25 мың теңгеге дейін табыс табуға болатынын және оның қауіпсз екенін сендіруге тырысады. Талаптарында “Қазақстан азаматы болуы керек, Дубай, Таиланд, Түркия сынды елдерде болған” деп көрсетілген. 

тредс
Фото: Скриншот

Stan.kz тілшісі хабарландырулардың біріне қоңырау шалып, не істеу керегін, не үшін ЭЦҚ қолданылатынын сұрап көрді. Қоңырауға жауап берген ер адам мұның шетелден әкелінген телефондарды тіркеу үшін қолданылатынын түсіндірді. Сөзінше, соңғы бір жылда Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан басқа кез келген шетелге шыққан адам болуы керек. Ер адам оның ешқандай салдары жоқ екенін, “бәрін өзіңіз қадағалай аласыз” деп сендіруге тырысты. Әрі осы қызмет үшін 25 мың теңге ұсынды. Сондай-ақ шетелге шыққан тағы да таныс адамдар бар-жоғын сұрап, оларды тапқаны үшін де 5 мың теңге беруге дайын екенін айтты.

Өзгенің телефонын өз ЭЦҚ-ңа тіркеу қаншалықты заңды не оның салдарын білу үшін жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің телекоммуникациялар комитетіне сауал жолдадық. Комитет мұндай шаралардан аулақ болуға шақырды.

“Белгіленген тәртіп бойынша верификациядан өту үшін ЭЦҚ кілттерін, оның құпия сөздері мен кодтарын және дербес деректерді үшінші тұлғаларға беру қарастырылмаған. Осыған байланысты бейресми тасымалдаушылар мен делдалдардың қызметіне жүгінбеуді қатаң ұсынамыз. Әлеуметтік желілердегі бөтен біреудің ЭЦҚ-сын немесе басқа тұлғалардың дербес деректерін пайдаланып, сыйақыға верификация жасап беру туралы ұсыныстар белгіленген тәртіпке сәйкес келмейді. Бұл қолданыстағы талаптарды айналып өтуге әрекет жасалғанын білдіруі мүмкін”, – деп мәлімдеді комитет.

Ведомоство мұндай жағдайлар жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Егер азамат өзінің ЭЦҚ-сы келісімінсіз пайдаланылғанын анықтаса, ол дереу Ұлттық куәландырушы орталыққа хабарласып, қолданыстағы кілттердің күшін жойып, жаңа ЭЦҚ алуы қажет.

Сіздің атыңызға тіркелген телефон алаяқтар не дропперлерге тиесілі болып, сыбайлас болу қаупі бар екенін ескерген жөн. 

Қырмызы Скендір
Жұма, 24 Шілде, 2026 15:05
Талқылау