Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тоғыз рет пышақ сұғылған": Алматыда қаза тапқан 12 жастағы баланың өліміне қатысты жақын танысы айтып берді

Абылайхан Ержанұлы
Фото: Ашық дереккөз

Түрксіб ауданында қатарластары пышақтап өлтірген 12 жастағы қаза тапқан Абылайхан Ержанұлының отбасының жақын танысы қайғылы оқиға туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Екатерина Моисеенко марқұм баланың отбасымен ұзақ жылдан бері жақын дос. Оқиға 10 маусым күні кешке әскери қалашық аумағындағы жатақхананың дәлізінде болған. Ол Абылайханды сабырлы, мейірімді бала ретінде сипаттайды.

“Біз отбасымызбен көп жылдан бері доспыз. Абылай өте мейірімді бала еді. Ол ешқашан жанжалға араласпайтын, бәріне әзілмен қарайтын. Оны ашуландыру өте қиын болатын. Тіпті біреу ренжітсе де, ол күліп кетіп қалатын”, — дейді ол.

Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін ол баланың телефонын жеке тексеріп көрген және алдын ала кездесуге қатысты ешқандай хат алмасу немесе қоңыраулар болмағанын анықтаған.

“Мен өз көзіммен болған оқиғаның видеосын көрдім. Абылайды өлтіріп жатқанын көрген екінші "көмектесіңдер" деп бір ауыз сөз айтқан жоқ. Жай ғана оқиға орнынан қашып кеткен. Ал шабуыл жасаған бала пышақты лақтырып, оның артынан өзі де қашып кеткен. Бұл кешке болған оқиға. Уақытын нақты есіме түсіре алмаймын”, — деді ол.

Екатеринаның айтуынша, балаға тоғыз рет пышақ сұғылған. Іш тұсына бір соққы, кеуде тұсына сегіз соққы тиген.

Ол баланың ата-анасына жатақханаға барып келетінін айтып кеткенін, алайда сол кеткеннен кейін қайта оралмағанын жеткізді. Оның айтуынша, оқиғаның нақты мән-жайы әлі белгісіз. Балалардың бір мектепте оқығаны, Абылайхан 12 жаста, ал қалған екеуі 13 жаста болғаны айтылады.

Екатерина екінші баланың күдікті емес, куәгер ретінде танылғанын атап өтті. Оның сөзінше, ол ешқандай соққы жасамаған, қорқып қашып кеткен.

Ол баланың өлімі туралы қалай білгенін де айтып берді. Екатеринаның айтуынша, оған Абылайханның әкесі телефон шалған. Бастапқыда отбасыға баланы көлік қағып кеткені айтылған, алайда оқиға орнына барған соң жағдайдың басқаша екені белгілі болған. Оның сөзінше, Абылайханды арқасында рюкзагы бар ер адам тауып алып, жедел жәрдем шақырған болуы мүмкін.

Бұған дейін Алматы қалалық полиция департаменті 10 маусымда Түрксіб ауданында пышақ жарақатынан 12 жастағы жасөспірім қаза тапқанын хабарлаған. Қылмысқа күдікті ретінде марқұммен бұрын таныс болған Алматының 13 жастағы тұрғыны ұсталған. Аталған факті бойынша кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Дана Русланқызы
Жұма, 12 Маусым, 2026 21:50