Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайда қуатты "Ноул" тайфуны соқты:715 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Қытайда тайфун
Фото: Anadolu

Гонконг пен Қытайдың оңтүстігіне қуатты "Ноул" тайфуны соқты. Сағатына ондаған метр жылдамдықпен соққан жел мен нөсер салдарынан билік 715 мыңнан астам адамды эвакуациялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Ноул" тайфуны жергілікті уақыт бойынша жексенбі күні таңертең Қытайдың оңтүстігіне, оның ішінде Гонконг аймағына жетіп, қатты жел мен нөсер жаңбыр әкелді. Табиғи апат 25 шілдеден 26 шілдеге қараған түні Шэньчжэнь мен Хуэйлай қалалары арасындағы жағалауға соққан. Желдің жылдамдығы секундына 42-48 метрге жеткен.

Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығының мәліметінше, "Ноул" тайфуны Гуандун провинциясындағы Хуэйчжоу қаласының Хуэйдун ауданындағы жағалауға жексенбі күні шамамен сағат 03:50-де жеткен.

Тайфун салдарынан Гуандун провинциясында 715 мыңнан астам адам қауіпсіз аймақтарға көшірілді. Билік төтенше жағдайға дайындық деңгейін көтеріп, тұрғындарға ресми ескертулерді бақылауды, аса қажет болмаса сапарға шықпауды және көшкін, су тасқыны, өзендердің арнасынан асуы мен су басу қаупіне байланысты сақ болуды ескертті.

Қолайсыз ауа райына байланысты аймақта көптеген теміржол бағыттары тоқтатылып, әуе қатынасына да шектеулер енгізілді. Ондаған әуе рейсі кейінге шегеріліп, тоқтатылды.

Метеорологтардың болжамынша, құрлыққа шыққаннан кейін тайфун біртіндеп әлсіреп, солтүстік бағытта қозғалысын жалғастырады. Алайда Цзянси, Хунань және Хубэй провинцияларында қатты жаңбыр мен екпінді жел сақталуы мүмкін. Жауын-шашын кемінде 28 шілдеге дейін жалғасады деп күтілуде.

Гүлсезім Мұхатай
Жексенбі, 26 Шілде, 2026 15:41
Талқылау