Қазақстанда қатты дыбыс шығаратын көліктерді шу өлшегіш құрылғылар арқылы анықтау ұсынылды
"Әділет" партиясының депутаты Адамбек Кендебай түнгі уақытта мотоциклдер мен тюнинг жасалған көліктердің заңсыз жарыс ұйымдастырып, тұрғындардың тыныштығын бұзуына алаңдаушылық білдірді. Депутат ішкі істер министрі Ержан Сәденовке мәселені шешу үшін шу деңгейін автоматты түрде тіркейтін акустикалық құрылғыларды бейнебақылау жүйесіне біріктіруді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қалалардың орталық көшелерінде түнде мотоциклдер мен тюнинг жасалған көліктердің заңсыз жарысы жиілеген. Депутаттардың айтуынша, жүргізушілер жылдамдықты асырып қана қоймай, пиротехника қолданып, тұрғын үйлер маңында қатты шу шығарады.
"Бұл мәселе жол қозғалысы ережесін бұзу шеңберінен шығып, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселеге айналды. Азаматтардың тынығуына, түнгі тыныштығына теріс әсер келтіріп отыр", – деді "Әділет" партиясының депутаты Адамбек Кендебай.

Депутат түнгі уақытта тыныштықты бұзатын көліктерді анықтауда цифрлық технологияларды пайдалануды ұсынды. Олардың пікірінше, азаматтардың шағымынан кейін ғана әрекет етпей, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін жүйе қажет.
"Мәселені шешудің бір жолы – шу деңгейінің шамадан тыс көтерілуін автоматты түрде тіркейтін акустикалық жүйе орнату. Арнайы акустикалық құрылғылар мен шу өлшегіштерді фото және бейнетіркеу жүйесіне біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосуды ұсынамыз", – делінген депутаттық сауалда.
"Әділет" партиясының депутаттары түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген жауапкершіліктің тиімділігіне де назар аударды. Олар заңсыз жарыстарға қатысатын және көлігіне рұқсатсыз техникалық өзгерістер енгізетін жүргізушілерге қатысты шараларды күшейту мәселесін көтерді.
"Түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген жазаның оның салдарына және азаматтардың қалыпты өмір сүруіне тигізетін әсеріне қаншалықты сай келетінін қайта қарау қажет. Сонымен қатар көлікке заңсыз енгізілген техникалық өзгерістер толық жойылғанға дейін құқық бұзушының көлік құралын арнайы тұраққа қоюды ұсынамыз", – деді депутат.
Еске салайық, бұған дейін Таразда заңсыз орнатылған сағатына 40 шақырым жылдамдық белгісі 32 мыңнан астам жүргізушінің айыппұл алуына себеп болған. Бір ғана камера арқылы бюджетке 345 миллион теңге түскен. Прокуратура тексерісінен кейін белгінің қажетті келісімдерсіз орнатылғаны анықталған. Кейін үш жүргізуші сот арқылы төлеген айыппұлдарын қайтарып алған. Алайда заңсыз белгі әлі алынбағандықтан, айыппұлдар келіп жатыр. Қалған мыңдаған жүргізушінің қаражаты қалай қайтарылатыны әзірге белгісіз.