Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Францияда алапат орман өртіне байланысты тұтас түбектен халық көшіріліп жатыр

өрт
Фото: Europa Press via Getty Images

Франция билігі елдің оңтүстік-батыс жағалауындағы Кап-Ферре мүйісінен тұрғындар мен туристерді эвакуациялап жатыр. Себебі Жиронда өңірінде кең аумақты шарпыған алапат орман өрттері ондаған мың адамның қауіпсіз жерге шығатын жолын жауып тастауы мүмкін. Мұндай жағдай көршілес Испанияның бірнеше өңірінде де болып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Француз өрт сөндірушілері 87 шаршы шақырым аумақты шарпыған өртті ауыздықтауға тырысып жатыр. Әзірге Аркашон шығанағының солтүстік жағалауындағы тар жер белдеуі ғана аман қалған. Бұл – Бордо аймағындағы танымал курорт Кап-Ферреден шығатын жалғыз жол.

Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нунестің айтуынша, жақын уақытта 40 мың адам эвакуацияланады. Жүздеген тұрғын мен турист Кап-Ферреден теңіз арқылы кеткен. Қалғандары Бордомен жалғайтын D106 тасжолы арқылы шығарылмақ.

халық
Фото: Europa Press via Getty Images

“80 үй өртенді, оның 50-і толықтай жойылды”, – деді министр Жирондадағы жағдайға қатысты.

Оның сөзінше, жыл басынан бері Францияда 50 мың гектар (500 шаршы шақырым) жер өртеніп кеткен. Бұл шамамен Паристей бес қаланы сыйғызуға болатын аумаққа тең. Былтырмен салыстырғанда орман өртінің көлемі үш есе артқан. Өткен аптада Париждің өзі де өрт қаупінің алдында тұрды. Ел астанасының оңтүстігіндегі Фонтенбло орманы өртенді.

карта
Фото: Nasa Firms

Аркашон шығанағының оңтүстік-шығысындағы Аре қалашығының тұрғындары да эвакуацияланып жатыр. Қала мэрінің сөзінше, қауіпті аймақтан екі мың адам көшірілген.

Атлант мұхиты жағалауындағы Бискаросс елді мекенінде де жағдай күрделі. Мұнда жергілікті тұрғындар, кемпингтердегі туристер, қарттар үйінің тұрғындары мен балалар лагеріндегі демалушыларды қоса алғанда 23 мың адамды эвакуациялау туралы шешім қабылданды.

Қазір зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Алайда 21 шілде күні Бордо әуежайы маңындағы өртті сөндіру кезінде екі өрт сөндіруші қаза тапқан.

Франция президенті Эммануэль Макрон 23 шілде күні кешке Жирондадағы жағдайдың өте күрделі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Франция Еуроодақтан көмек сұраған. Жақын арада Хорватия, Португалия, Чехия және Словакиядан арнайы өрт сөндіретін ұшақтар келеді.

өрт
Фото: Planet Labs PBC

Испанияда да бірнеше өңірді орман өрті шарпыды. Ел астанасы Мадрид маңындағы Вилья-дель-Прадо мен Сан-Мартин-де-Вальдеглесиас, Авила қаласының жанындағы Бургоондо ауданында ұлттық деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілді.

Испанияның Ішкі істер министрі Фернандо Гранде-Марласканың айтуынша, басты мақсат Мадрид маңындағы екі ірі өрт ошағының бірігіп кетуіне жол бермеу. Алайда қатты жел, құрғақ ауа райы мен бірнеше аптадан бері жалғасып келе жатқан аптап ыстық салдарынан өрт тез таралып, оны сөндіру қиындап отыр.  Кейбір өңірлерде ауа температурасы 40 градусқа дейін жеткен.

Еуропа
Фото: Nasa Firms

Испания премьер-министрі Педро Санчестің мәліметінше, өрт мыңдаған гектар жерді қамтып, көптеген елді мекенге қауіп төндіріп отыр.

“Үкімет қолда бар барлық ресурсты жұмылдырады және төтенше жағдай кезінде де, одан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары барысында да халықтың жанында болады”, – деді ол.

Испания билігі де Еуроодақтан өрт сөндіретін ұшақтар мен өзге де көмек сұраған. Елде өрт аймақтарынан 10 мыңнан астам адам эвакуацияланды. 24 шілдедегі жағдай бойынша екі өңірдегі өрт бақылаудан шыққан деп бағаланғанымен, соңғы сағаттарда оның таралу қарқыны біршама тоқтаған. 

Еуропадағы аптап

Еуропа басқа құрлықтарға қарағанда әлдеқайда жылдам жылынып келеді. Еуроодақтың “Коперник” климаттың өзгеруі жөніндегі қызметінің мәліметінше, 1980 жылдардан бері Еуропадағы ауа температурасы әлемдік орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі еседен астам жылдам өсіп жатыр. Салдарынан, әсіресе құрлықтың оңтүстігінде жаз мезгілі бұрынғыдан әлдеқайда ыстық бола түскен.

өрт
Фото: Europa Press via Getty Images

Құрғақшылықтың күшеюінен топырақ пен өсімдіктер кеуіп, өртке төзімділігі төмендейді. Мұндай жағдайда өрттің тұтануына кішкентай ғана ұшқын жеткілікті. Көп жағдайда оған адам әрекеті (көбіне абайсыздық, кейде әдейі өртеу), ал кей жағдайда найзағай себеп болады. Құрғақ өсімдіктер мен аптап ыстықтың әсерінен өрт өте жылдам тарап, оны ауыздықтау аса қиынға соғады.

Мамандардың айтуынша, орман мен табиғи аумақтарды күтіп-ұстау деңгейі де маңызды рөл атқарады. Қараусыз қалған жерлер, қураған ағаштар мен бұталардың көп жиналуы өрттің одан әрі өршуіне себеп болатын қосымша отын қызметін атқарады.

Алайда Еуропаның қоршаған орта агенттігі орман өрттерінің негізгі себебі жаһандық климаттың өзгеруі екенін мәлімдеді. Климаттың жылынуы Еуропаның барлық аумағында орман өртінің қаупін арттырған. Әсіресе құрлықтың оңтүстік бөлігіндегі жағдай аса алаңдатарлық.

Айта кетейік, бұған дейін Францияда да аптап ыстыққа байланысты адамдар қайтыс болып, тіпті далада ішімдік ішуге тыйым салынғаны туралы жазған едік. Кейін Еуропада аптап ыстықтан 10 мыңнан астам адам қайтыс болғаны айтылды. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 24 Шілде, 2026 21:45
Талқылау