Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Allur қазақстандық және кореялық университеттердің басын қосып, жаңа буын инженерлерін даярлауға кірісті

Аллюр3

Қазақстандық автокөлік өндіруші Allur компаниясы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті (ШҚТУ) және С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетімен (АМГУ) бірлесіп, өндіріс, білім және ғылымды ұштастыратын жаңа жүйені қолға алды. Жобаға Оңтүстік Кореяның Hanbat National University және Kyungsung University университеттері де халықаралық серіктес ретінде қосылады. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – Allur Isker өндірістік кафедрасын құру. Мұнда студенттерді даярлау мен ғылыми зерттеулер кәсіпорындардың нақты өндірістік мәселелерін шешуге бағытталады.

Бұл бастама – Allur компаниясының Қазақстандағы инженерлік мамандықтарды дамытуға бағытталған жұмысының жалғасы. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инженерлік кадрларды қалыптастыру, адами капиталды дамыту, техникалық мамандықтардың беделін арттыру және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту жөніндегі бағытына сәйкес келеді.

Allur Isker жұмысының негізгі қағидасы мынадай тізбекке негізделеді: "өндірістік мәселе – ғылыми зерттеу – технологиялық шешім – өндіріске енгізу".
Allur компаниясы автокөлік өндірісі, цифрландыру, жасанды интеллект, автоматтандыру, роботтандыру және өнім сапасын бақылау салаларындағы нақты міндеттерді айқындайды. Оларды шешуге университеттердің ғалымдары мен оқытушылары, докторанттар, магистранттар және студенттер атсалысады. Ал компания инженерлері жобалардың өндірісте тікелей іске асуына жауапты болып, оларды жан-жақты сүйемелдейді.

Бірлескен жұмыстың нәтижеге негізделген бағыттарына компьютерлік көру жүйелері, сапаны зерделі бақылау, өндірістік жабдықтың ақауын алдын ала анықтау, цифрлық егіз жасау, өндіріс деректерін талдау, жаңа материалдарды зерттеу және автобөлшектерді жергілікті жерде өндіруді дамыту кіреді.

Аллюр1

Осылайша, Allur тек мамандарды жұмысқа қабылдайтын компания ғана емес, Қазақстандағы инженерлік білім мен қолданбалы ғылымды дамытуға тікелей атсалысатын өндірістік серіктеске айналып келеді. Компания дуалды білім беру жүйесін, өндірістік тәжірибені және инженерлік тәлімгерлікті тұрақты түрде дамытып, жекелеген білім беру жобаларынан өндіріс қажетіне бағытталған өзіндік ғылыми-зерттеу жүйесін қалыптастыруға көшіп отыр.

Жоба Қазақстанның бірнеше аймағының тәжірибесін біріктіреді: Қостанай облысындағы Allur автокөлік өндірісі, Шығыс Қазақстандағы ШҚТУ инженерлік және ғылыми базасы мен Атырау облысындағы Атырау мұнай және газ университетінің техникалық әлеуеті. АМГУ жобаны транспорттық техника, машина құрастыру, автоматизация мен робототехника салаларындағы сараптамамен толықтырады. ШҚТУ қолданбалы инженерлік жобаларды іске асыру үшін негізгі ғылыми-білім беру алаңына айналады. 

Мұндай модель аймақтарға бір-бірін күшейтуге септігін тигізеді. Кәсіпорын технологиялық сұраныс тудырса, университеттер білімді шоғырландырып, маман даярлайды. Ал өндіріс орындары өнертабыстарды тексеріп, қолданысқа енгізетін алаң болады. 

Hanbat National University және Kyungsung University-мен серіктестік Allur Isker-дің маңызды бөлігіне айналмақ. Корейлік серіктестер механикалық инженерия, мехатроника, робототехника, жасанды интеллект пен цифрлы технологияларға сараптамалар енгізеді. Қазақстандық өнеркәсіп пен халықаралық әлеуеті бар университеттердің мүмкіндігін біріктіру инженерлердің практикалық даярлығын кеңейтуге мүмкіндік беріп, ортақ қолданбалы зерттеулерді дамытады. 

Аллюр2

Тағы бір маңызды бағыт – медициналық техника өндірісі үшін болашақта қажет болатын мамандарды даярлау. Allur мен Silk Road Қазақстанда ультрадыбыстық диагностикалық құрал-жабдық өндіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл бағытқа кадр даярлауда ШҚТУ-дың тәжірибесі негіз бола алады. Университет Семей медицина университетімен бірлесіп, "Медициналық инженерия (медициналық техника)" бағдарламасын жүзеге асырып келеді.

Өндірістік мүмкіндіктерді, ШҚТУ-дың инженерлік тәжірибесін және медицина саласындағы білімді ұштастыру медициналық жабдық өндірісін жергілікті жерде дамытуға және Қазақстанның медициналық құрал-жабдық жасау бағытындағы өз құзыретін қалыптастыруға жол ашады.

Allur Isker-дің практикалық жұмысы нәтижесін бірнеше айдың ішінде өндірістің өзінде тексеруге болатын жобалардан басталады деп жоспарланып отыр. Олардың қатарында машиналық көру технологиясы, өндірістегі ақауларды анықтау және талдау, жабдықтардың жұмысын бақылау, сондай-ақ технологиялық операцияларды цифрландыру бар. Нәтижелі жобалар кейін ұзақмерзімді зерттеу және R&D-жобаларға, магистратура мен докторантурадағы зерттеулерге және кәсіпорындарда кеңінен енгізуге негіз бола алады.

Allur-дің стратегиялық мақсаты – білім, ғылым және өндіріс арасындағы тұрақты байланысты қалыптастыру. Компания заманауи технологияларды меңгеріп қана қоймай, Қазақстанның өз ішінде инженерлік шешімдер әзірлей алатын жаңа буын мамандарын даярлауға үлес қосуды көздейді.

Назархан Уән
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 14:06