Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аяқтан тік тұрғызбайтын" вирус туралы ақпаратқа Алматы дәрігерлері жауап берді

ауру грипп
Фото: magnific.com

Алматыда әлеуметтік желіде тараған "адамды аяқтан тік тұрғызбайтын" вирус туралы ақпаратқа санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Басқарма басшысының орынбасары Гаухар Каткенованың айтуынша, қазір Алматыда жүргізіліп жатқан зертханалық мониторинг нәтижесінде риновирус, парагрипп, РС-вирусы және маусымдық коронавирус анықталып отыр.

"Жаңа, бұрын анықталмаған немесе белгісіз вирустар тіркелген жоқ. Қалада жыл бойы жұмыс істейтін сегіз орталық зертханалық зерттеу үшін сынамалар алып, айналымдағы вирустарды анықтайды. Қазіргі мониторинг нәтижесі бойынша жоғарыда аталған вирустар анықталды", – деді Гаухар Каткенова.

Сонымен қатар Алматы тұрғындары тұмауға қарсы вакцина ала алады. "Гриппол" вакцинасының 250 мың дозасы жергілікті бюджет есебінен қауіп тобындағы азаматтарға сатып алынған. Қалған тұрғындар вакцинаны ақылы негізде ала алады.

Санитар дәрігердің айтуынша, қалада науқастарды, оның ішінде балалар мен қауіп тобындағы азаматтарды госпитализациялауға жеткілікті төсек қоры бар.

  • Балалар қалалық инфекциялық ауруханасында – 360 төсек, резервте тағы 67 төсек;
  • Қалалық клиникалық инфекциялық ауруханада – 200 төсек, қосымша 50 резервтік төсек;
  • Қалалық перзентханада – 70 төсек, эпидемиологиялық жағдайға қарай тағы 10 төсек қосылады.

Бұдан бөлек, Алматыда дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының тапшылығы байқалмайтыны айтылды.

Еске салайық, бұған дейін де әлеуметтік желіде қазақстандықтар күз басталғалы ауада әлдебір вирус тарап, жаппай ауырып жатқанын жазды. Қазақстандықтардың айтуынша, бұған дейінгі ауруынан айықпастан үшінші рет сырқаттанып қалғанын, бүкіл отбасы мүшелері де аурудан бас көтере алмай жатқанын жазды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 14:23