Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

TikTok-та тікелей эфирде бейәдеп сөз айтқан талдықорғандық әйел жауапқа тартылды

талдықорғандық әйел ұсталды
Фото: Видеодан скрин

Талдықорғанда TikTok-та тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер қолданған 44 жастағы әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицияның мәліметінше, ол бұған дейін де осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін екі рет жауапқа тартылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген кезекті мониторинг барысында TikTok платформасындағы тікелей эфирде бейәдеп сөздер қолдану дерегі анықталған.

Құқық бұзушы Талдықорған қаласының тұрғыны болып шықты. Тексеру кезінде оның бұған дейін де осыған ұқсас құқық бұзушылық жасағаны белгілі болған.

Полиция жинақталған материалдарды сотқа жолдады. Сот әйелді кінәлі деп танып, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Кәмелетке толмаған балалары бар екені ескеріліп, оған айыппұл түріндегі жаза тағайындалған.

Полиция әлеуметтік желілерде де заң талаптарын сақтау қажеттігін ескертті. Қоғамдық ортаға арналған тікелей эфирлерде бейәдеп сөздер қолдану әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Құқық қорғау органдары интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу жұмыстарын жалғастырады.

Еске салайық, бұған дейін ішкі істер министрлігі TikTok-та көп қаралым мен донат үшін қоғамдық тәртіпті бұзатын, балағат сөздер айтатын және әдепсіз контент тарататын стримерлерге қатысты шара қабылданатынын мәлімдеген. Ведомствоның мәліметінше, мұндай құқық бұзушылықтар үшін ел бойынша 20-дан астам блогер мен стример әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 09:50