"Шынайы әрі дана үндеу": Украина Сыртқы істер министрі Тоқаевтың қақтығысты тоқтату туралы ұсынысын қолдады

Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери қақтығысты тоқтату туралы ұсынысын қолдады. Оның айтуынша, бұл "шынайы, уақтылы әрі дана үндеу". Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Андрей Сибига тиісті мәлімдемесін X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа соғысты тоқтатуға шақырғаны үшін алғыс білдірді.
"Президент Тоқаевтың Путинге соғысты тоқтататын уақыт келгенін айтқанын бағалаймыз. Бұл – шынайы, уақтылы және дана үндеу", – деп жазды Украина сыртқы істер министрі.
Сибига Украина бұған дейін де қолданыстағы майдан шебі бойында әскери әрекеттерді тоқтатып, дипломатиялық келіссөздерге көшу туралы ұсыныс жасағанын, алайда Ресей бұл бастаманы қабылдамағанын айтты.
"Путиннің баспасөз хатшысы Қазақстан президентінің ұсынысын да қабылдамады. Бұдан шығатын қорытынды біреу: Мәскеу шынайы бейбіт ұсыныстарды қабылдауы үшін оған көбірек қысым қажет", – деді министр.
Еске салайық, 25 шілдеде Омбыда Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев әскери іс-қимылды тоқтату мүмкіндігін қарастырып, дипломатиялық үдеріске қайта оралу туралы ұсыныс айтқан болатын.
Тоқаев Қазақстан делдал рөліне үміткер емес екенін, алайда қақтығысты тоқтатудың жолдарын іздеу қажет деп санайтынын атап өтті.
Кейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу қақтығысты тоқтату нұсқасын қарастырмайтынын мәлімдеді.
Оқыңыз