Алматыда жолақы төлемейтін жолаушыларды бақылау үшін 556 миллион теңге бөлінеді
Алматы әкімдігі қоғамдық көлікте жолақы төлемейтін жолаушыларды анықтау үшін 556 миллион теңгеден астам қаржы жұмсамақ. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сәйкес, бұл қаражатқа 200-ге жуық бақылаушы жалдау жоспарланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бақылаушылар 208 бағытта қатынайтын 3,5 мыңнан астам қоғамдық көліктегі төлем тәртібін қадағалайды.
Алматы қаласы Жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, қоғамдық көлік жолаушыларының 49%-ы жолақы төлемейді. Бұл жағдай жолаушылар ағынын нақты есептеуге кедергі келтіреді.
Мәселен, автобусқа 30 адам мініп, оның тек 15-і жолақы төлесе, жүйе қалған жолаушыларды есепке алмайды. Салдарынан белгілі бір бағыттағы сұраныс төмен бағаланып, автобус саны қажеттіліктен аз болуы мүмкін.
Автобус жүргізушісі Артыққожа Икрабтың айтуынша, кейбір автобуста жолаушылардың тек 30%-ы ғана жолақы төлейді.
“100 адамның 30-ы ғана төлейтін шығар, көп болса. Лық толған автобустың ішінде де 30%-ы ғана төлейді. Бақылаушы кірсе бірден төлейді. Ал оған дейін төлемей отыра береді”, – дейді жүргізуші.
Мұның бәрі жүргізушіге бәрі айнадағыдай көрінеді екен. Бірақ ол айлық алып отырған соң бұл мәселеге басын қатырмайды, оның үстіне жолға да қарау керек.

Жолақы төлемеу мәселесін шешу үшін қала әкімдігі бақылаушылар санын көбейтуді көздеп отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 556 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Қазір бақылау қызметін көрсететін мердігерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тұрғындары №57 қоғамдық көліктің қарбалас уақытта адамға лық толатынына шағымданған еді. Олар мән-жайды айтып, әкімдікке де өтініш білдірген. Алайда басқарма маршруттағы 24 автобустың жолаушылар санына жеткілікті екенін айтқан. Тұрғынның сөзінше, бұл есеп жолақысын төлеп мінетін жолаушылар санына ғана негізделген. Ал жолақысын төлемей мінетіндер есепке алынбайды.
"Несиені жапқаннан кейін көлігімді тартып алды": Қазақстандық көлігінің Ресейден ұрланғанын білмеген