Астанада автобус жолақысын 150 теңгеге көтеру ұсынылды
Астана әкімдігі қоғамдық көліктегі жолақыны қымбаттатуды ұсынып отыр. Ұсыныс қабылданса, автобуспен қолма-қол ақшасыз төлем арқылы жүру құны 150 теңге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімдік жолақының қымбаттауын тасымалдаушылар шығынының өсуімен түсіндірді. Соңғы жылдары дизель отыны, қосалқы бөлшектер, автобустарды жөндеу және жаңа көлік сатып алу қымбаттаған. Мәселен, 2014 жылы дизельдің бір литрі 107 теңге болса, қазір 329 теңгеге дейін өскен. Жүргізушілердің жалақысы да артқан. Қазір олардың айлығы 700 мың теңгеге дейін жетеді. Жолақыдан түсетін қосымша қаражатты автобус паркін жаңартуға және жаңа бағыттарды дамытуға жұмсау жоспарланып отыр.

Астана әкімдігінің түсіндіруінше, жолақы қымбаттаған жағдайда да қазір қолданылып жүрген жеңілдіктерді өзгерту жоспарланып отырған жоқ. Яғни жеңілдікпен жүретін жолаушылар үшін бұрынғы тәртіп сақталады. Соның ішінде 18 жасқа толмаған мектеп оқушылары қоғамдық көлікті бұрынғыдай тегін пайдалана береді.
Егер ұсыныс мақұлданса, жаңа тариф 1 желтоқсаннан бастап күшіне енуі мүмкін.
Қазақстандық әйел жалға алушыны пәтерінен шығара алмай, сотқа берген: Алайда сот қараудан бас тартты