Ақтөбеде өндірілген бидай шырыны Ресей мен Дубайға экспортталмақ
Ақтөбеде өсірілген бидай өскінінен жасалған табиғи шырын шетел нарығына жол тартты. Green Vitamin компаниясы өнімін Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорттап отыр. Қазір кәсіпорын айына 3 мың қаптама шырын шығарады. Ал өндіріс көлемін үш еседен астам арттыруға мүмкіндігі бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Компания 2016 жылдан бері бидайдың жас өскінінен 100% табиғи шырын өндіреді. Өндірістің ерекшелігі – шикізатты да кәсіпорынның өзі өсіреді. Бұл өнімнің сапасын бақылауға және шикізаттан дайын тауарға дейінгі барлық кезеңді өз бетінше ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Қазір Green Vitamin өнімдерін Қазақстанның барлық облыс орталығынан табуға болады. Оған қоса компания отандық нарықпен шектелмей, шетелге жеткізілім көлемін кеңейтуге күш салып жатыр.
Кәсіпорынның қазіргі өндірістік қуаты айына 3 мың қаптамадан тұрады. Дегенмен өндірісті ай сайын 10 мың қаптамаға дейін ұлғайтуға әлеуеті бар.
Компания өнімдері қазір Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктеріне, соның ішінде Дубайға жеткізіледі. Ал компанияның ендігі мақсаты – Беларуське экспорттау. Қазір бұл бағытта келісімшарт жасасу жұмыстары жүріп жатыр. Келісімге қол қойылған жағдайда, қазақстандық өнім тағы бір елдің нарығына шығуы мүмкін.
Өңірлерде осындай өндірістердің дамуы отандық өнім түрлерін көбейтіп қана қоймай, шикізатты өңдеу саласын ілгерілетуге көмектеседі. Оның үстіне жұмыс орындарын ашуға және қазақстандық тауарлардың шетелге шығу мүмкіндігін арттыруға жол ашады.
Айта кетейк, бұған дейін Қазақстан Ресейге бензин экспорттауға дайын екенін мәлімдеген еді.
Алматы тауларында орналасқан қонақүйдегі қоқыс пен нәжіс демалушылардың жағасын ұстатты
