Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда асыраушысынан айырылғандар мен мүгедектігі бар адамдарға төленетін әлеуметтік төлемдер өспек

Ақша
Фото: Stan.kz

Қазақстанда асыраушысынан және еңбекке қабілетінен айырылу жағдайларына байланысты төленетін әлеуметтік төлемдер 8,5% өсуі мүмкін. Өзгерістер 2027 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енбек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл мәселе Үкімет қаулысы жобасына енген. Құжат 15 қазанда “Ашық НҚА” порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 2026 жылы 2 қарашаға дейін жалғасады.

Бұл – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдер.. Оларды міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар мен заңда көзделген жағдайларда олардың отбасы мүшелері алады.

Жоба қабылданса, төлем мөлшері 8,5% артады. Мысалы, қазір адам 100 мың теңге алса, оған қосымша 8,5 мың теңге қосылып, төлемнің жалпы сомасы 108,5 мың теңгеге жетеді.

Айта кетейік, биыл 1 қаңтардан бастап бұл төлемдер 10% өскен еді. 

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері әр адамға жеке есептеледі. Ол әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысқа, сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және басқа да жағдайларға, соның ішінде асырауындағы адамдардың санына байланысты.

2027 жылы жәрдемақы төлеу тәртібі қалай өзгереді?

2027 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгереді. Кей төлемдер бойынша отбасының әл-ауқат деңгейі ескеріледі. Соның салдарынан тұрмысы жақсы қазақстандықтардың бір бөлігі мемлекеттік қолдаудан айырылуы мүмкін.

Алайда бұл шектеулер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерге қатысты емес. Қор мәліметінше, жұмыс істейтін азаматтар отбасының әл-ауқатына қарамастан, өздеріне тиесілі сақтандыру төлемдерін ала алады.

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 16 Қазан, 2026 08:12