Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зейнетақы жинағын енді өзіңіз таңдаған компанияға бере аласыз: Жаңа тәртіп нені өзгертті?

зейнетақы
Фото: ЖИ

2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап салымшы міндетті зейнетақы жинағындағы қаражатының 100%-на дейін өзі таңдаған компанияға бере алады. Бұл өзгеріс салымшыға не береді және инвестициялық портфельді басқарушы компанияны (ИПБ) таңдағанда нені ескеру керек? Бірге зерделейік.

 

Зейнетақы жинағы қалай көбейеді? 

БЖЗҚ-ға түскен зейнетақы жарналары шотта "жай жатпайды". Олар заңнамада рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестицияланады. Олардың қатарында Қазақстанның және шетелдің мемлекеттік бағалы қағаздары, акциялары мен облигациялары, банктердегі депозиттер бар.
Осы қаржы құралдарына салынған қаражаттан түскен табыс инвестициялық кіріс деп аталады. Ол салымшының зейнетақы шотындағы жинағына қосылады.   
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қазақстандық азаматтардың БЖЗҚ-дағы жалпы зейнетақы жинақтары 28,47 триллион теңгеден асты, оның ішінде 26,37 триллион теңгесі МЗЖ-дан, 746,13 миллиард теңгесі МКЗЖ-дан, 10,43 миллиард теңгесі ЕЗЖ-дан және шамамен 1,35 триллион теңгесі ЖМЗЖ-дан қалыптасты.   
Ал 2014 жылдан 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен таза кіріс – 14,64 триллион теңге. Бұл сома төлемдерді қоса есептегендегі зейнетақы жинақтарының 40,6%-ына тең, яғни жинақтардың едәуір бөлігі инвестициялық кіріс есебінен өскен. 
Қазір зейнетақы активтерінің басым бөлігін Қазақстан Ұлттық Банкі басқарады. Сонымен бірге лицензиясы бар инвестициялық портфельді басқарушы компанияларына да (ИПБ) зейнетақы активтерін басқаруға мүмкіндік берілген.
Мұндағы негізгі мақсат – зейнетақы қаражатын әртүрлі қаржы құралдарына салып, ұзақ мерзімде инвестициялық кіріс алу және жинақ көлемін арттыру.

Жинақты енді кім басқаратынын өзіңіз таңдайсыз

Бұған дейін ИПБ-ға міндетті зейнетақы жарнасының 50%-ын, ерікті зейнетақы жарнасының 100%-ын беруге болатын. Ал 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап салымшы міндетті және ерікті зейнетақы жарналарынан құралған жинағының 100%-ына дейін ИПБ-ға басқаруға бере алады. 
Салымшы бір немесе бірнеше ИПБ-ны таңдай алады. Оған қоса инвестициялау тәсілін де өзі белгілейді. Мысалы, табысқа байыпты түрде қол жеткізуді ұсынатын консервативті, қалыпты немесе тәуекелге бел буып, қомақты қаржы табуды көздейтін портфельді таңдауға болады.
Мұнда ескеретін маңызды бір нәрсе бар: ИПБ таңдағанда оның бұрын қанша табыс тапқанына ғана емес, ақшаны қайда салатынына және қаншалық тәуекелге баратынына да қараған жөн. Себебі, табыс мөлшері неғұрлым артқан сайын, тәуекел деңгейі де соғұрлым көтерілуі мүмкін... 

ИПБ-лар қаншалықты сенімді әрі тиімді?

Біріншіден, ИПБ-ларға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан қойылатын талап жоғары. Мысалы, басқарушы компанияның меншікті капиталы кемінде 440 мың АЕК (2026 жыл үшін 1,903 миллиард теңге), зейнетақы активтерін басқару бойынша кемінде үш жыл тәжірибесі және басқаруындағы активтер көлемі кемінде 5 млрд теңге болуы керек. Сонымен қатар ірі акционерлерге де белгілі бір талаптар қойылады.

Екіншіден, ИПБ жұмысының нәтижесі арнайы бенчмаркпен салыстырылады. Бенчмарк – ИПБ жұмысының тиімділігін бағалауға көмектесетін бағдар. Егер ИПБ-ның инвестициядан алған кірісі осы деңгейден төмен болса, айырманы өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.

Үшіншіден, зейнетақы жинағын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру – қаржыны сол компанияның уақытша басқаруы. Ол салымшының БЖЗҚ-да ашылған жеке шотында тұрады. Ал арнайы кастодиан-банк бұл қаражатты сақтайды және дұрыс инвестициялануын бақылайды.
 Сондықтан, ИПБ қандай да бір қиын жағдайларға тап болса да, салымшының зейнетақы жинағы басқарушы компанияның меншігі ретінде қарастырылмайды, яғни басқарушы компанияның мүддесіне жұмсалмайды.
Айта кетейік, 2021-2026 жылдар аралығында (2026 жылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша) салымшылар жалпы сомасы шамамен 179 миллиард теңге зейнетақы жинақтарын ИПБ басқаруына аударды. Бұл ретте жинақтарын аудару құқығын пайдаланған салымшылардың саны 18 есеге жуық өсіп, 2021 жылғы 2,4 мың адамнан 2026 жылы 42,6 мың адамға дейін артты. 
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі – 151,28 миллиард теңге.

Мемлекет ИПБ басқаратын жинаққа кепіл бола ма?

Әлеуметтік кодекстің 217-бабында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап "Мемлекет зейнетақы төлемдерін алушыларға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерінде сақталуына кепілдік береді" деп көзделген.  

Мемлекеттің зейнетақы активтерінің сақталуына беретін кепілдігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мен инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) қызметін реттеу, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (Ұлттық банк, ҚРҰБ) де, ИПБ-лардың да инвестициялық қызметіне қойылатын талаптарды белгілеу, зейнетақы активтерін орналастыру кезінде оларды әртараптандыру және тәуекелдерді төмендету жөніндегі талаптарды сақтау, сондай-ақ басқа да реттеуші нормалар арқылы қамтамасыз етіледі. 

ИПБ-ға зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару бойынша заңнамада белгіленген жауапкершілік жүктеледі. Яғни, ИПБ алған номиналды табыстылық пен реттеушінің талаптарына сәйкес есептелген табыстылықтың ең төменгі мәні арасында теріс айырма болған жағдайда, ИПБ осы теріс айырманы өзінің меншікті капиталы есебінен өтейді. 

Жалпы алғанда, жинақтаушы зейнетақы жүйесі және қазақстандықтарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі мемлекеттік реттеу, бақылау мен жауапкершілік аясында қала береді.

Әлемнің көптеген елдерінде қазіргі заманғы зейнетақы жүйелері азаматтардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту, зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру және тәуекелге бағдарланған реттеу мен қадағалау тәсілдерін қолдану бағытында дамып келеді. Қазақстан да осы бағытта жүйелі түрде алға жылжуда.

Қандай ИПБ-лар бар?

Қазір зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат алған алты ИПБ бар:

  • "Alatau City Invest" АҚ;
  • "BCC Invest" АҚ;
  • "Сентрас Секьюритиз" АҚ;
  • "Halyk Finance" АҚ;
  • "Halyk Global Markets" АҚ;
  • "Tansar Capital" АҚ.

"Halyk Global Markets" АҚ 2025 жылғы 30 желтоқсанда БЖЗҚ-ға 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ИПБ бастамасымен шартты бұзу туралы хабарлады. Осыған байланысты БЖЗҚ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың зейнетақы активтерін оның басқаруына аудару туралы жаңа өтініштерін қабылдамайды. Компания тізілімнен шығарылған жағдайда, салымшылардың жинақтары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің басқаруына қайтарылады.

ИПБ-ны қалай таңдауға болады?

ИПБ туралы ақпаратты үш көзден – БЖЗҚ-дағы жеке кабинеттен, БЖЗҚ мобильді қосымшасынан, invest.enpf.kz платформасынан көруге болады. Мұнда ИПБ-лардың инвестициялық кірісін, портфель құрылымын, зейнетақы активтерінің шартты бірлігінің құнын, инвестициялық құралдарын және басқа да көрсеткіштерін салыстыруға болады.

Бұл жерлерде ИПБ-лардың инвестициялық кірісі қаншалық екенін, портфель құрылымын, зейнетақы активтерінің шартты бірлігінің құнын, инвестициялық құралдарын және басқа да көрсеткіштерін салыстыруға болады.

ИПБ таңдағанда тек инвестициялық кірісіне емес, стратегиясына, тәуекеліне және ұзақ мерзімді нәтижесіне де қараған маңызды. Ұмытпаңыз: кіріс жоғары болған сайын, тәуекел де жоғары болуы мүмкін.

Зейнетақы жинағын ИПБ-ға қалай беруге болады?

Алдымен ИПБ-ны таңдайсыз, содан кейін жинағыңыздың бір бөлігін немесе толықтай басқаруға беру туралы өтініш жолдайсыз. Өтінішті үш жолмен:

  • enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы;
  • invest.enpf.kz платформасы арқылы;
  • БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып беруге болады.

Онлайн өтініш бергенде ЭЦҚ қажет.

Жеке кабинеттен сіз:

  • ИПБ-ға қанша ақша аударуға болатынын көре аласыз;
  • ИПБ-ны таңдап немесе өзгерте аласыз;
  • Жинақты Ұлттық банктің басқаруына қайтаруға өтініш бере аласыз;
  • берген өтінішіңіздің мәртебесін бақылай аласыз.

Өтініштің орындалу барысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасынан тексеруге болады.

Зейнетақы жинағын басқарудағы жаңа тәртіп салымшыға таңдау мүмкіндігін кеңейтті. Енді жинақты Ұлттық Банктің басқаруында қалдыруға немесе оның 100%-ына дейін өзіңіз таңдаған ИПБ-ға немесе бірнеше ИПБ-ға беруге болады. Бірақ бұл таңдау жауапкершілікті де арттырады. Сондықтан бастысы – өз мүмкіндігіңіз бен тәуекелге дайындығыңызға сай шешім қабылдау.

Назархан Уән
Жұма, 16 Қазан, 2026 09:00