Қазақстанда алимент төлемей жүрген 1500-ден астам адамның тізімі жарияланды
Қазақстанда баласына алимент төлеуден жалтарған азаматтардың тізімі арнайы сайтта жарияланды. Олардың арасында бірнеше жылдан бері құқық қорғау органдары таба алмай жүргендер де бар. Ал кейбір борышкер табысын әдейі аз көрсетіп, баласына төленетін ақшаны қысқартудың жолын тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алимент төлемей, іздеуге түскен 1500-ден астам азаматтың тізімі Qamqor.gov.kz порталында жарияланған. Сайттан олардың аты-жөнін, туған жылын, суретін және іздеуде жүргеніне қанша уақыт болғанын көруге болады. Тізімдегі кейбір азаматтарды құқық қорғау органдары бірнеше жылдан бері іздеп келеді. Мәселен, бір борышкердің іздеуде жүргеніне 1924 күн болса, тағы бір азаматтың табылмағанына 1172 күн болған.
Алайда алимент төлеуден жалтаратындардың бәрі бірдей ізін суытып кетпейді. Кейбірі табысын жасырып, баласына төлейтін ақшаны азайтудың амалын табады. Мәселен, жеке кәсіп ашып немесе танысының компаниясына жұмысқа орналасып, қағаз жүзінде небәрі 85 мың теңге жалақы алатынын көрсетеді. Сөйтіп, алимент те сол ресми табысына қарай есептеледі.
Заңгер Сағи Ораздың айтуынша, мұндай азаматтардың шын мәнінде ай сайын бірнеше есе көп ақша табуы мүмкін.
"Көп жағдайда алимент төлеуден жалтарғандар 85 мың теңге жалақы алатынын көрсетеді. Бірақ басқа фирмаларда 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін табыс табуы мүмкін. Егер сот орындаушысы мен алимент өндіріп алушы азамат оның нақты табысын дәлелдей алса, тұрмыстық жағдайына да назар аударуға болады. Мысалы, қымбат киімі, көлігі немесе үйі болса, заң аясында тиісті өтініш беріп, мүлкін бағалатуға мүмкіндік бар", – дейді заңгер.

Алимент төлемегендерге қандай шара қолданылады?
Қазақстанда алимент мөлшері баланың санына қарай есептеледі. Заң бойынша бір балаға ата-анасының табысының төрттен бірі, екі балаға үштен бірі, ал үш және одан көп балаға табысының жартысы төленеді. Дегенмен сот ата-аналардың материалдық және отбасылық жағдайын ескеріп, бұл мөлшерді өзгерте алады.
Ал жұмыссыз жүрген азамат алимент төлеуден босатылмайды. Егер оның тұрақты жұмысы болмаса немесе табысын растайтын құжаттары табылмаса, алимент бойынша қарызы Қазақстандағы орташа айлық жалақы негізінде есептеледі. Берешектің нақты мөлшерін сот орындаушысы анықтайды.
Қарызын өтемеген азаматтың мүлкі де есепке алынады. Егер үш ай бойы жалақысынан немесе өзге табысынан алимент өндіріп алу мүмкін болмаса, сот орындаушысы оның мүлкі есебінен қарызды өндіріп алу шараларын қолданады. Сондай-ақ заңда көзделген жағдайда банк шоттарына шектеу қойылып, шетелге шығуына тыйым салынуы мүмкін.
Бұдан бөлек, 14 қазанда Әділет министрлігінің атқарушылық іс жүргізу жүйесіне енгізілген өзгерістер туралы хабарланды. Соған сәйкес сот орындаушылары алимент бойынша борышкерлердің міндетті зейнетақы жарналары туралы мәліметтерді жүйе арқылы сұрата алады. Бұл олардың ресми табысын анықтауға көмектеседі.
Ал алимент төлеу міндетін қасақана орындамағандар әкімшілік, заңда көзделген негіздер болған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.
"Жігітім үшін жер қазуға бардым": Қазақстандықтар желіде махаббат үшін жасаған ессіз әрекеттерін бөлісіп жұртты күлдірді