Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Келер жылдан бастап қазақстандықтардың зейнетақы өтемақысын есептеу тәртібі өзгереді

зейнетақы жинағы
Фото: magnific.com

2027 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы жинағына қатысты өтемақыны есептеу тәртібі өзгереді. Енді төлемді есептеу кезінде азаматтың зейнетақы жинағын кімнің басқарғаны да ескеріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, негізгі өзгеріс бұрын зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляция деңгейінен төмен болған жағдайда төленетін өтемақыны есептеу тәртібіне қатысты болмақ. Енді өтемақы жаңа талаптар негізінде есептеледі. Соның бірі –  азаматтардың зейнетақы жинағын кім басқаратынын өздері таңдай алуы.

Бұрын барлық зейнетақы активтерін тек мемлекет басқарып, инвестициялық шешімдерді өзі қабылдайтын әрі нәтижесіне жауап беретін. Қазір азаматтар жинақтарының 100%-ына дейінгі бөлігін жеке басқарушы компанияларға сеніп тапсыра алады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 50%-дан аспайтын.

Осының арқасында салымшылардың мүмкіндігі кеңейді. Енді олар басқарушы компанияны өздері таңдап, инвестициялау тәсілін анықтап, өзіне қолайлы тәуекел деңгейін белгілей алады.

Сонымен қатар зейнетақы жинақтары заңмен қорғалады. Ұлттық банк зейнетақы активтерінің бір бөлігін басқаруды әрі олардың сақталуы мен тиімділігін бақылауды жалғастырады.

Жеке басқарушы компанияларға да қатаң талаптар қойылады. Олардың жеткілікті капиталы, қаржылық тұрақтылығы және жұмыс тәжірибесі болуы тиіс. Егер компания белгіленген табыстылық деңгейін қамтамасыз ете алмаса, кейбір жағдайда айырмашылықты өз қаражаты есебінен өтеуге міндеттеледі.

Жаңа ережелер жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамытуға және азаматтардың таңдау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Бұл ретте мемлекет міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік беруді жалғастырады.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтарды зейнетақы жинағын жеке компанияларға толық бере алатынын айтқан еді. 

Гүлсезім Мұхатай
Жексенбі, 26 Шілде, 2026 18:49
Талқылау