Кемі 40 жыл тынбай еңбек еткен азамат жасы жетпесе де зейнетке шыға алады

Енді кемі 40 жыл еңбек өтілі бар азамат зейнет жасын таңдай алады. Сәйкесінше құрметті демалысына қалаған уақытта шығады. Не ешқандай кедергісіз қызметін жалғастырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы жұмыс тобын құрып, әлемнің озық үлгілеріне негізделген бірнеше тәсілді зерделеп жатыр. Соның бірі зейнетақы жүйесінің әлеуметтік сақтандыру құрамдасын қалыптастыру болып отыр. Бұл өзгеріске сәйкес салымшының жүйеге қатысу мерзімі есепке алынады. Демек, жинақтың көлемі маңызды емес. Ал, зейнетке шыққан кісі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының есебінен өмір бойғы тұрақты төлеммен қамтамасыз етіледі. Екіншісі, еңбек өтілі. Енді 40 жыл тынбай қызмет қылған азаматқа жасы жетпегенімен, зейнетке шығу мүмкіндігі беріледі.
Сондай-ақ министрлік депутаттар ұсынған "4+1" әдісін де талқылап жатыр. Бұл тәсіл қордағы жинақты көбейтудің бір амалы. Өйткені қаражат ортақ шотқа аударылып, салымшылар арасында қайта бөлінбейді. Керісінше, жұмыс берушілер тарапынан түскен 5 пайыздық жарнаның 4 пайызы азаматтың өзінде қалмақ.
“Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың басты мақсаты халықаралық еңбек ұйымының стандартына сәйкес зейнеткерлердің жоғалған табысын кемінде 40 пайызға алмастыру және өмір бойғы үздіксіз төлемдермен қамтамасыз ету”, – дейді министрліктің бас сарапшысы Әлібек Тоқтауов.
ОқыңызАл "Сингапур моделі" әлеуметтік маңызы бар мәселерді шешуге мүмкіндік бермек. Яғни, салымшылар зейнетақы жарналарының есебінен оқып, емделеді не жеңілдікпен баспана ала алады. Я табыстылығы жоғары жобаларға инвестициялайды. Осылайша, зейнетке шықпай-ақ тұрмысын жақсартады.