Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

30 жыл еңбек өтілі болса да, зейнетақысы аз: Қазақстандықтардың төлем мәселесі парламентте көтерілді

зейнетақы
Фото: magnific.com

Қазақстанда 1998-2011 жылдары міндетті зейнетақы жарналарын тоқсан сайын төлеген мыңдаған жеке кәсіпкердің еңбек өтілі толық есептелмей қалуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев бұл жағдайдың азаматтардың зейнетақы құқықтарына кері әсер етіп отырғанын айтып, мәселені шешу үшін жарналарды қайта есептеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев 1998-2011 жылдар аралығында жеке кәсіпкерлердің еңбек өтілін есептеу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бұрынғы және қазіргі есептеу тәртібінің айырмашылығына байланысты кейбір кәсіпкерлер зейнетақы тағайындау кезінде бірнеше жылдық еңбек өтілінен айырылып қалуы мүмкін.

Депутаттың айтуынша, жинақтаушы зейнетақы жүйесі енді қалыптасып жатқан кезеңде арнайы салық режимін қолданған жеке кәсіпкерлер міндетті зейнетақы жарналарын ай сайын емес, тоқсан сайын төлеген.

Алайда бүгінде зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтілі ай сайынғы қағидат бойынша есептеледі. Соның салдарынан бұрын заң талаптарына сай тоқсан сайын төленген жарналар толыққанды айлық еңбек өтілі ретінде танылмай отыр.

"Бұл азаматтардың зейнетақы құқықтарын негізсіз шектейді", – деді Серік Ерубаев.

Депутат кәсіпкерлермен кездесулер барысында айтылған нақты мысалды келтірді. Азамат 30 жыл еңбек етіп, барлық міндетті төлемдерді уақытылы аударып отырғанына қарамастан, қазіргі есептеу тәртібі бойынша оған небәрі 14 жыл еңбек өтілі ғана есептелген. Сөйтіп соңында оның зейнетақы мөлшері айтарлықтай төмендеген.

Серік Ерубаевтың пікірінше, бұл мәселе жекелеген жағдай емес, мыңдаған жеке кәсіпкерге әсер етуі мүмкін жүйелі проблема.

"Мәселенің түп-төркіні азаматтардың заң бұзушылығында емес, бұрынғы және қазіргі есептеу әдістерінің айырмашылығында жатыр", – деді депутат.

Ол мемлекет әкімшілік тәртіптің өзгеруінен туындаған жағымсыз салдарды азаматтардың мойнына жүктемеуі тиіс екенін атап өтті.

Осыған байланысты депутат:

  • 1998-2011 жылдары міндетті зейнетақы жарналарын тоқсан сайын заңды түрде төлеген азаматтардың нақты санын анықтауды; 
  • мұндай жарналарды қайта есептеу мүмкіндігін қарастыруды; 
  • аталған санаттағы азаматтардың зейнетақы құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған жүйелі шаралар әзірлеуді ұсынды. 

Еске салайық, бұған дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнет жасына жеткен 279 мың қазақстандық әлі жинақтарын алмағаны туралы жазған едік. Шоттарда алынбай қалған ақшаның жалпы сомасы 45 миллиард теңгеден асады. БЖЗҚ азаматтар мен олардың мұрагерлеріне тиісті төлемдерін алып кету керегін ескертті.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 03 Маусым, 2026 15:59