Қазақстанда қайтыс болғандар мен шетелдіктерге зейнетақы төленіп келген: Министр ақпаратқа қатысты түсініктеме берді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұған дейін тараған қайтыс болған азаматтарға, сондай-ақ шетелдіктерге зейнетақы төленгені туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін БАҚ-та Қазақстанда миллиардтаған теңге көлеміндегі зейнетақы төлемдері қайтыс болған адамдардың, хабар-ошарсыз кеткендердің, сондай-ақ Ауғанстан, Нигерия және Үндістан азаматтарының шоттарына аударылғаны туралы ақпарат тарады. Заңсыз төленген қаражат көлемі шамамен 21 миллиард теңгеге жеткен.
Мұндай деректер жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеру барысында анықталған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, Жоғары аудиторлық палатаның тексерісі шынымен жүргізілген. Алайда жарияланған ақпараттың бірқатар тұсы нақтылауды қажет етеді.
"Жоғары аудиторлық палата 2020–2024 жылдар аралығындағы кезең бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде шетел азаматтары болып табылатын 67 мың алушыға жалпы сомасы 20,8 миллиард теңге көлемінде зейнетақы төленгені анықталды", – деді министр.
Министрдің айтуынша, аталған қаражаттың бір бөлігі мемлекетке қайтарылған.
"Бұл соманың ішінен 57 мың адам 13,5 миллиард теңгені қайтарды. Қазіргі уақытта "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы қалған қаражатты қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Әңгіме шамамен 6 миллиард теңге және 4 400 шетел азаматына қатысты болып отыр", – деді шенеунік.
Сондай-ақ министр шамамен 500 миллион теңгенің сот шешімі арқылы есептен шығарылғанын нақтылады. Себебі бұл қаражатты алған 120 азамат қайтыс болған.
ОқыңызМинистрдің айтуынша, шетел азаматтарына төленетін зейнетақы төлемдері халықаралық келісімдер аясында жүзеге асырылады.
"Қазақстан халықаралық келісімдерге қосылған. Егер шетел азаматы Қазақстанда жұмыс істеп, міндетті аударымдар жасап, зейнеткерлік жасқа жетсе, біз оған зейнетақы төлеуге міндеттіміз. Сол сияқты Қазақстан азаматтары да басқа елдерде тиісті төлемдерін алады", – деді министр.
Министр артық төленген қаражатты қайтару жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнет жасына жеткен 279 мың қазақстандық әлі жинақтарын алмағаны туралы жазған едік. Шоттарда алынбай қалған ақшаның жалпы сомасы 45 миллиард теңгеден асады. БЖЗҚ азаматтар мен олардың мұрагерлеріне тиісті төлемдерін алып кету керегін ескертті.
Қазақстандыққа Қытайда адам өліміне кінәлі деген айып тағылды: Күдіктінің өзі шабуыл жасағандардан қорғанғанын айтып отыр