Қазақстандықтар зейнетақы жинағын жеке компанияларға толық бере алады

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтарды зейнетақы жинағын жеке инвестициялық басқарушы компанияларға сеніп тапсырмас бұрын олардың қызметін мұқият зерттеуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылғы қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының 100%-ына дейін жеке инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың қарауына бере алатынын хабарлаған еді. Бұған дейін, яғни 2023 жылдан бері жинақтың 50%-ына дейін ғана аударуға рұқсат етілген еді.
Тимур Сүлейменовтің сөзінше, азаматтар ең алдымен қаржылық сауаттылығын арттырып, зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсінуі қажет.
"Зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтінін зерттеңіздер. Қазір қаражаттың қалай инвестицияланып жатқанын біліңіздер. Инвестициялық басқарушы компаниялардың ресми сайттарындағы декларацияларымен танысып, олардың қандай уәде беретінін және осы уақытқа дейін қандай нәтижеге қол жеткізгенін қараңыздар. Осыдан кейін ғана өз инвестициялық шешіміңізді қабылдаңыз", – деді Ұлттық банк төрағасы.
Ол зейнетақы жинағын толық көлемде жеке басқарушы компанияларға беру – міндет емес, әр азаматтың өз таңдауы екенін атап өтті.
ОқыңызСүлейменовтің айтуынша, тәуекелге барғысы келмейтін азаматтар қаражатын бұрынғыдай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) басқаруында қалдыра алады. Ал ұзақ мерзімді табысқа үміт артатын жас салымшылар тәуекелі жоғарырақ болғанымен, кірістілігі де жоғары болуы мүмкін жеке инвестициялық компанияларды таңдай алады.
"Зейнетақы шоты – әр азаматтың жеке шоты. Сондықтан қабылданатын шешімге де өзі жауап береді. Бірақ таңдау мүмкіндігінің болғаны – жақсы", – деді ол.
Ұлттық банк басшысы зейнетақы активтерін кез келген ұйым басқара алмайтынын да айтты. Қазір жұмыс істеп тұрған барлық инвестициялық портфельді басқарушы компания Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясына ие және оның тұрақты бақылауында.
Сонымен бірге Тимур Сүлейменов жоғары табысқа ұмтылу әрдайым белгілі бір тәуекелмен қатар жүретінін ескертті.
"Жоғары табысқа қол жеткіземін деп күткен нәтиже болмауы да мүмкін. Дегенмен бұл – сенімді компаниялар. Сондықтан олардың бұрынғы нәтижелерін, ұсынған стратегияларын мұқият зерттеп, әр азамат өзіне тиімді шешім қабылдауы қажет", – деді ол.
Қазақстандық әйел ұлын 380 мың теңгелік "Жаңа Ұрпақ" лагерінде ұрып тастағанын айтты