Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлымды ұрды, заттарын жоғалтты": Алматылық ана ұлының "Жаңа Ұрпақ" лагерінде қорлық көргенін айтып берді

жаңа ұрпақ лагері
Фото: Әлеуметтік желіден скрин

Алматылық Анель Сидағұлова әлеуметтік желіде ұлының "Жаңа Ұрпақ" балалар лагерінде болғаннан кейінгі психологиялық күйі туралы жазып, лагерьде буллингке ұшырағанын, санитариялық жағдайдың талапқа сай болмағанын және тұрмыстық мәселелер болғанын мәлімдеді. Жазба қоғамда қызу талқыланғаннан кейін Stan.kz тілшісі ата-анамен де, лагерь әкімшілігімен де байланысып, оқиғаның мән-жайын анықтап көрді.

Анель Сидағұлованың айтуынша, 2024 жылдың қараша айында болған оқиғадан кейін тоғыз жасар ұлы бүгінге дейін лагерьге барудан бас тартады. Анасы бұл мәселе бойынша былтыр лагерь әкімшілігіне жүгінгенімен, жауап алмағанын, ал биыл баласы болған жағдайды көзіне жас алып қайта айтып берген соң үнсіз қалмауға шешім қабылдағанын жеткізді. Ол ұлын бұл лагерьге ұзақ ізденістен кейін жіберген. Өйткені өзі бала кезінде лагерьде демалмағандықтан, баласының жақсы әсер алып, жаңа ортада дамығанын қалаған.

"Ұлымды кезінде "Жаңа Ұрпақ" лагеріне жібергеніме әлі күнге дейін қатты өкінемін. Бұрын осы лагерьді еліміздегі ең үздік тренингтік лагерьлердің бірі деп сенген едім. Қымбат болса да, жақсы лагерь деп ойлап таңдадым. Бірақ уақыт өте келе пікірімді толық өзгертім", – дейді ол.

Оның сөзінше, ұлы лагерьге бармас бұрын өте көпшіл, сабырлы әрі жанжалдан аулақ бала болған. Шахмат пен пианинода ойнайды, жүзуге қатысады. Сондықтан лагерь өкілдерінен қауіпсіздік мәселесін арнайы сұрағанын айтады.

"Бетпе-бет таныстыру кездесуінде өзім қол көтеріп, "Сіздерде буллинг болмай ма?" деп сұрадым. Баламның мінезін жақсы білемін. Ол ешкімге тиісіп, төбелес іздейтін бала емес. Лагерь қызметкерлері "Бізде тәжірибелі мамандар бар, балалар толық бақылауда болады" деп сендірді. Сол сөздерге сеніп баламды жібердім. Баламды алып кетуге барғанымызда ол жылап тұрды. Не болғанын сұрасам, ештеңе айтпады. Киімдері лас, кейбір заттары жоғалып кеткен. Дәретхана далада орналасқан, ішінде су да, қол жууға жағдай да болмаған. Балам тазалыққа өте ұқыпты болғандықтан, бұл оған ауыр тиген", – дейді ол.

Алғашында анасы мұны жай болмашы қиындықтар деп қабылдаған. Алайда уақыт өте келе баласының лагерь туралы айтудан қашатынын байқапты.

"Әр жолы "тағы лагерьге барасың ба?" деп сұрасам, "жоқ" дейтін. Биыл тағы сұрағанымда жылап жіберді. Сол кезде ғана "мені ұрды" деді. Кейін өзінен үлкен балалардың оны бірнеше рет ұрып-соққанын айтып берді. Лагерьден шыққан күні де сұрағанбыз, бірақ ол кезде ештеңе айтпаған. Біраз уақыт өткен соң ғана басынан өткенін жеткізе бастады", – дейді ол.

Анель Сидағұлова лагерьде осы жағдай ғана емес, балалардың тамақтануына қатысты да мәселе болғанын алға тартты.

"Ұлымның айтуынша, күні бойы жүгіріп, ойнаған балалар тамаққа тоймайтын. Былтырдың өзінде бір баланың аштықтан “балауыз шамды жеп қойғанын" айтып берген еді. Оның видеосы бар. Ұлым бірнеше қымбат затынан айырылды. Бірақ оларды іздеуге де, табуға да ешкім көмектеспеді. Instagram-дағы әдемі видеолар мен суреттерге қарап, менің балам осындай жағдайды қалай бастан өткергенін әлі түсіне алмаймын", – дейді анасы.

Оның айтуынша, лагерьден кейін ұлының психологиясына айтарлықтай әсер еткен.

"Қазір лагерь туралы айтсам да қорқады. "Кешке үйге қайтатын күндізгі лагерьге барасың ба?" десем де, жылап жібереді. Менің ең үлкен арманым балама жақсы білім беріп, халықаралық бағдарламалар мен лагерьлерге жіберу еді. Ал қазір ол лагерь деген сөзден қорқатын жағдайға жетті. Бірде-бір адам хабарласып, жағдайымызды сұрамады. Кешірім де сұрамады, түсініктеме де берген жоқ", – дейді ол.

Ол бұл оқиға туралы тек қазір айтуының себебін де түсіндірді.

"Бұл жағдай 2024 жылдың қараша айында болды. Былтыр лагерь әкімшілігіне жаздым. Бірақ ешқандай жауап алмадым. Сондықтан мәселе жабылып қалды. Биыл балам тағы жылап, бәрін қайта айтып берген соң үндемей қалуға болмайды деп шештім. Мен мұны кек алу үшін емес, басқа балалар дәл осындай жағдайға тап болмасын деген ниетпен айтып отырмын", – дейді ол.

Анель Сидағұлова осы оқиғадан кейін ұлын каратэ үйірмесіне бергенін де жасырмады.

"Бұл біреумен төбелессін дегенім емес. Тек өзін қорғай алсын дедім. Балама енді біреу ренжітсе, міндетті түрде бізге айт деп қайта-қайта түсіндірдік. Ешбір ата-ана менің басымнан өткен жағдайды бастан кешірмесе екен деймін", – деп түйіндеді ол.

"Жаңа Ұрпақ" лагері тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеген 

Анель Сидағұлованың жазбасынан кейін "Жаңа Ұрпақ" лагерінің өкілдері оған әлеуметтік желі арқылы жауап берген екен. Әкімшілік оқиғаға қатысты ішкі тексеру басталғанын айтып, мән-жайды анықтау үшін ата-анамен байланыс орнатуға тырысып жатқанын мәлімдеді.

"Ұлыңыздың 2024 жылы өткен 35-лекке қатысқанын анықтадық. Сол кезеңге қатысты барлық ақпаратты көтеріп, тәлімгерлер мен лагерь ұйымдастырушыларының қатысуымен ішкі тексеруді бастадық. Бұл жағдайды назардан тыс қалдырмаймыз. Сізбен байланысып, оқиғаның мән-жайын өз аузыңыздан тыңдап, жан-жақты зерделегіміз келеді", – делінген лагерь әкімшілігінің жауабында.

Дегенмен редакция "Жаңа Ұрпақ" лагерінің өкілдеріне хабарласып, оқиғаға қатысты қандай шаралар қабылданғанын сұрап көрдік. 

"Анель ханым сол кезде бізге жоғалған заттар, тамақтану және тұрмыстық жағдайларға қатысты жүгінді. Біз бұл мәселелерге жедел түрде жауап бердік. Алайда сол хат алмасуда буллинг немесе баланы ұрып-соғу туралы ешқандай ақпарат болған жоқ", – деді лагерь әкімшілігі.

Лагерьдің мәліметінше, кейін Анель Сидағұлова өз ұлы болған жағдай туралы жақында ғана айтып бергенін жеткізген.

"Анель біздің хабарламамызға жауап беріп, оқиғаның өз нұсқасын баяндады. Оның айтуынша, ұлы ұзақ уақыт бойы бұл туралы ештеңе айтпаған және болған жайтты анасына жақында ғана жеткізген. Біз бұл ақпаратқа бейжай қарамаймыз және оқиғаға біраз уақыт өткеніне қарамастан, оны назардан тыс қалдырмаймыз", – делінген жауапта.

Сондай-ақ лагерьдің негізін қалаушы Асхат Әбжанов Анель Сидағұловамен жеке байланысқа шыққан.

"Қазір біз оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатырмыз. Сол ауысымда жұмыс істеген тәлімгерлердің құрамын, ұйымдастыру процесін қайта қарап, жағдайды нақтылай алатын қызметкерлермен сөйлесіп жатырмыз. Қазіргі уақытта лагерьде буллинг болғанын растайтын нақты дәлелдер бізде жоқ. Дегенмен бұл мәселе жабылған жоқ, тексеру жалғасып жатыр", – деп мәлімдеді лагерь өкілдері.

Әкімшілік бұл жағдайды жария мәлімдемелер арқылы емес, тараптар арасындағы ашық диалог арқылы шешуге мүдделі екенін атап өтті.

"Біз Анель ханыммен байланыстамыз және бұл мәселені жария айыптаулар арқылы емес, өзара диалог негізінде бейбіт жолмен шешуді қалаймыз. Біздің мақсатымыз – қанша уақыт өтсе де, оқиғаның мән-жайын толық анықтап, тиісті қорытынды шығару", – деді лагерь әкімшілігі.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 20 Шілде, 2026 16:00