Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар перинаталдық орталығында бір айда екінші үшем дүниеге келді

үшем
Фото: pavlodarnews.kz

Павлодар перинаталдық орталығында бір ай ішінде екінші үшем дүниеге келді. Үш сәбидің де, анасының да жағдайы жақсы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Көпбалалы отбасын Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев құттықтады. Ол отбасыға бесікарбас сыйлап, сәбилерге зор денсаулық пен бақытты өмір тіледі. Сонымен қатар аудан басшысы облыс әкімінің атынан жылы лебізін жеткізіп, көпбалалы отбасылар аудан және облыс басшылығының қолдауына ие болатынын айтты.

Перинаталдық орталық директоры Гүлнар Буратаеваның айтуынша, үшемнің дүниеге келуі – сирек кездесетін жағдай. Орталықта жылына орта есеппен 80-ге жуық егіз дүниеге келеді. Ал үшемдер барлық босанудың небәрі 2-3%-ы ғана. 

Бұл жолы 34 жастағы Елдана Дүйсенова бірден үш сәбидің анасы атанды. Оларға Елнара, Елнияр және Елдияр деген есім берілді. Осылайша, отбасындағы бала саны жетіге жетті. Үшемдер дүниеге келгенге дейін ерлі-зайыптылар төрт баланы тәрбиелеп келген.

үшем
Фото: pavlodarnews.kz

Елдана Дүйсенова білім саласында жұмыс істейді. Ол Павлодар ауданы Кеменгер ауылындағы балалар өнер мектебінің директоры міндетін атқарады. Оның айтуынша, үшемнің дүниеге келуі – отбасы үшін үлкен қуаныш. Ол перинаталдық орталық мамандарына көрсеткен қамқорлығы, қолдауы және сапалы медициналық көмегі үшін алғыс білдірді.

Сәбилердің әкесі Ермек Түсіпбеков те қуанышын жасырмады. Оның сөзінше, бірден үш баланың дүниеге келуі бүкіл отбасы үшін үлкен бақыт болған. Ата-анасы балаларының дені сау болып өсіп, Қазақстанның лайықты азаматы болғанын тілейді.

Сәбилерді перзентханадан шығару рәсіміне отбасының туған-туыстары мен жақындары, Павлодар облыстық перинаталдық орталығының қызметкерлері қатысты. Анасы мен үш нәрестенің де жағдайы жақсы.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 23 Тамыз, 2026 16:06