Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев президент сайлауына түсу-түспеу жайлы шешімін 2027 жылы жария етпек

Тоқаев сайлау туралы
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алда президент сайлауына түсу-түспеуге қатысты нақты жауапты 2027 жылы айтатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз, жан-жақты талдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі халықаралық қаржы институттарының бағасы да растады. Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы... Сол кезде сізге нақты жауап беремін”, – деді ол Власть тілшісінің сауалына жауап беріп. 

2022 жылы қарашада өткен кезектен тыс сайлауда Тоқаев 81 пайыз дауыспен жеңіске жетті деп жарияланған. Сол кезде Конституцияға енгізілген өзгеріске сай, президенттің мерзімі бес жылдан бір реттік жеті жыл мерзімге ұзарған еді. 

Бұған сай, Тоқаевтың қазіргі президенттік мерзімі 2029 жылы аяқталуы тиіс. Ол жеті жылдық президенттік мерзімі біткен соң билікті заңды жолмен тапсырып беретінін бірнеше рет айтқан.

Кейін жаңа Конституция қабылданған соң Конституциялық сот Тоқаевтың президенттік мерзімінің есебі жойылады деген тұжырымға келді. Сәйкесінше Тоқаев тағы бір президент сайлауына қатыса алады. 

Назархан Уән
Жексенбі, 23 Тамыз, 2026 12:52