Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сайлау күні үгіт жүргізіп, бюллетеньді суретке түсіргендерге 151 мың теңгеге дейін айыппұл салынады

жәшік
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Бюллетеньді суретке түсіріп, сайлау күні үгіт жүргізген қазақстандықтарға 151 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Дауыс беру күні қазақстандықтарға кандидаттарды қолдап үгіт жүргізуге, толтырылған бюллетеньді фото-видеоға түсіріп, оны интернетте жариялауға да тыйым салынады. Мұны Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейісов мәлімдеді.

Сонымен қатар дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелері мен сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды жариялауға болмайды. Сайлау учаскелерінің өзінде де кез келген сауалнама жүргізуге тыйым салынады.

Мұндай заңбұзушылықтар үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабында жауапкершілік қарастырылған. Аталған бапта бірнеше құқықбұзушылық түрі көрсетілген.

Белгіленген тәртіпті бұзып сауалнама нәтижелері немесе сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған жеке тұлғаларға 15 АЕК (64 875 теңге), ал заңды тұлғаларға 30 АЕК (129 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Ал дауыс беру күніне дейінгі бес күн ішінде және сайлау өтетін күні қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижелерін жариялағаны үшін айыппұл мөлшері төменірек. Азаматтарға 10 АЕК (43 250 теңге), ал ұйымдарға 25 АЕК (108 125 теңге) айыппұл қарастырылған.

Сайлау заңнамасының талаптарын сақтамай қоғамдық пікір сауалнамасын өткізгендерге де заңсыз жарияланым үшін белгіленген айыппұл салынады. Демек жеке тұлғаларға – 15 АЕК (64 875 теңге), заңды тұлғаларға 30 АЕК (129 750 теңге) көлемінде.

Осылайша, дауыс беру күні белгіленген талаптарды бұзған азаматқа салынатын ең жоғары айыппұл 64 875 теңгеге жетеді. Ал бизнес өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін айыппұл көлемі 151 мың теңгеге дейін баруы мүмкін.

Бас прокуратура өкілдері аталған шектеулер сайлау учаскелері жабылғанға дейін күшінде болатынын айтты. Ведомство қазақстандықтарды талаптарды мұқият сақтап, әкімшілік жауапкершілікке тартылмау үшін сайлау күні белгіленген тәртіпті сақтауды шақырды.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 23 Тамыз, 2026 13:20