Оралда сайлау учаскесінде кабинка пердесі түріліп тұрған: Ал комиссия мұны ереже бұзу деп таппады
Оралда сайлау учаскелерінің бірінің бақылаушысы дауыс беру кабиналарының пердесі байланып тұрғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жағдай дауыс беру құпиясының сақталуына кедергі келдіреді. Алайда Бәйтерек ауданының аумақтық сайлау комиссиясы бұл әрекет сайлау заңнамасын бұзу деп саналмайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бақылаушы Хәкім Меңдібаевтың сөзінше, сайлау учаскесінде таңғы уақытта ереже бұзылған.
“Таң ереже бұзудан басталды. Дауыс беретін кабинаның пердесі түрілген және іс жүзінде дауыс беру құпиясын қамтамасыз етіп отырған жоқ. Комиссия төрағасына осыны ескерттім. Әуелі ол пердені жабудан бас тартты, бірақ менің талабымнан кейін ақыры түзеді”, – деп жазды бақылаушы.
Оның мәліметінше, таңғы 07:00-ден 08:00-ге дейін 2 720 сайлаушының 35-і дауыс берген. Бұл сайлаушылардың шамамен 1,3%-ы.
Ал Оралдағы Бәйтерек ауданының аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беру кабиналарының пердесіне қатысты жағдайға түсініктеме берді.
“Бұл жағдай сайлау заңнамасын бұзу деп саналмайды. Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Конституциялық заңының 39-бабының 1-тармағына және “Сайлау учаскесіндегі дауыс беру бөлмесін, дауыс беру пунктін жабдықтау жөніндегі нұсқаулықтың” 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, мұнда заң бұзушылық жоқ”, – деді аумақтық сайлау комиссиясы.
Оған қоса комиссия дауыс беру кабиналарында алдыңғы перденің болуы заң бойынша міндетті талап емес екенін мәлімдеді.
“Ең бастысы – дауыс беру кабинасы сайлаушының кімге дауыс бергенін басқа адамдар көре алмайтындай етіп жабдықталуы керек. Осы талап сақталса, дауыс беру құпиясы бұзылмайды. Сайлаушылар кабинаға бір-бірден кіреді. Пердені толық жабу немесе жартылай ашық қалдыру – әр сайлаушының өз еркінде”, – деді комиссия.
Айта кетейік, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы сағат 12:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың дауыс беруге қатысуы жөнінде деректер ұсынған еді. Әзірге белсенділігі бойынша Қызылорда мен Жетісу облысы көш басында тұр.

