Алматы тұрғыны үзіліс кезінде демалып отырған жұмысшыларды видеоға түсірді: Бұл желі қолданушыларына жақпады
Алматының Майлин көшесінде тұрғын коммуналдық қызметкерлерді үзіліс кезінде демалып отырған жерінен видеота түсіріп, шағымданған. Десе де оның бұл әрекеті желі қолданушыларына жақпады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде тараған кадрдан видео авторының тазалық жұмыстарын жүргізіп, шаршаған қызметкерлерге наразылық білдіріп жатқанын көруге болады. Жазба әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, көпшілік жұмысшыларды жақтап, әйелдің әрекетін сынға алды.
Қазақстандықтар видео авторын адамдарды рұқсатынсыз түсіргені және жұмысқа кедергі келтіргені үшін жауапқа тартуды сұрады. Желі қолданушыларының пікірінше, автор ауыр еңбек етіп жүрген қызметкерлерге құрметсіздік танытқан.
“Құрметті ханым, олар ауа райына қарамастан таңғы сағат 5-6-дан бастап жұмыс істейді. Аулаларды тазалайды, қоқыс жәшіктерін жинайды. Демалсын, отырсын. Ал сіз өз ісіңізбен айналысуды үйреніңіз. Олар да біреудің отбасы, олар – адам. Оларды жайына қалдырыңдар”, – деп жазды желі қолданушысы.

Тағы бірі жұмысшылардың күні бойы ыстықта еңбек ететінін, тынығатын орынның да жоқ екенін айтты.
“Оларды күн сайын таңертең жүгіріп жүргенде және күндіз көремін. Олар таңғы сағат 5-тен бастап жұмыста. Күні бойы ыстықта жүреді. Дұрыс тамақтанатын жері де, тіпті дәретханаға баратын орны да жоқ. Ағаштың түбіне төсеніш төсеп, тыныш қана тамақтанады. Олардың бұған толық құқығы бар. Адамдар 10-15 минут тамақтанып, демалып алып, қайтадан қаланы тазалауға кетсе, оның несі айып?”, – деп жазды Алматы тұрғыны.

Желі қолданушылары жұмысшыларды рұқсатсыз видеоға түсіруді де сынға алды. Кейбірі видео авторын жауапкершілікке тартуды сұрап, қала әкімдігі мен полицияға жүгінді.
“Бұл не деген бассыздық? Бұл адамның қызметкерлерді видеоға түсіруге қандай құқығы бар? Алматы әкімдігі мен полициясынан осы видеоның авторына шара қолдануды сұраймыз. Оны қоғамдық жұмысқа жіберіңіздер, өзі де көшені тазалап көрсін. Сонымен қатар жұмысшыларды ескертусіз видеоға түсіргені үшін де жауапкершілік қаралсын”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Ал кей тұрғындар "Алматы Тазалық" қызметкерлерінің еңбегін күнделікті көріп жүргенін айтып, олардың жалақысы да мардымсыз екенін еске салды.
“Алматылықтарға, қала кәсіпкерлеріне үндеу: Алматы тазалық жұмысшыларын қолдайық. Олар күн сайын таңертең ерте көшеге шығып, қаланы ретке келтіреді. Қоқыс жинайды, сыпырады, бізден кейін де тазалайды. Қаланың көркін келтіріп, тазалығын қамтамасыз етіп жүрген де осы адамдар. Өкінішке қарай, жалақылары да жоғары емес. Еңбегін құрметтейік”, – деді тұрғындардың бірі.
Жұмысшыларды жеке танитын тұрғындар да пікір білдірді. Олардың бірі ауласындағы бір тазалық қызметкерінің күн сайын таңғы сағат 4:35-те жұмысқа кірісетінін жазған.
“Біздің аулада Алматы тазалықтың жұмысшысы бар. Күн сайын таңғы 4:35-те қоқыс жәшігінің маңын тазалайды. Екі кішкентай қызы да көмектеседі. Өтірік айтып, жұмысты шала істемейді. Бұрыштардың өзін қолмен тазалайды. Күнде көреміз, өйткені ол уақытта біз түнгі ауысымнан шығамыз. Көк шөптің үстінде демалып отырғандарды емес, қоқыс шашатындарды жазалайықшы. Ал вилеоны түсірген әйел – арандатушы. Жұмысшыларға араша сұраймын”, – деп жазды ол.
Кей тұрғындар “Алматы Тазалық” жұмысшыларын қолдау мақсатында арнайы акция өткізуді ұсынды. Олар тұрғындар мен қала кәсіпкерлерін бастамаға қосылып, күн сайын жұмысшыларға су, тамақ және басқа да қажет заттармен қолдау көрсетуге шақырды.
